Биылғы жаңа оқу жылында қалада 20 жаңа мектеп ашылып, 2 мектептің қосымша корпусы аяқталып, апатты мектептер жойылып, үш ауысымды мектеп саны 14-тен 9 мектепке азайды. Жыл соңына дейін тағы 4 жаңа мектеп ашылады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Шымкент қаласында білім беру инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді, – деді қала әкімі Мұрат Әйтенов «Тұран» шағын ауданында салынған жаңа мектеппен танысу барысында.
– Биылғы жаңа оқу жылы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында басталғалы отыр. Тәуелсіздік жылдарында Шымкент қаласының білім саласы үлкен жетістіктерге жетті.
Осыдан отыз жыл бұрын қалада 69 мың оқушысы бар 72 мектеп болса, қазір 233 мыңнан аса оқушы оқитын 203 мектеп бар. Биылғы жаңа оқу жылын қала мектептері 233 879 оқушымен бастады.
Өткен жылмен салыстырғанда 8 мың оқушыға көп.
Оның ішінде 25 мың оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттап отыр. 2025 жылға дейін 72 мектеп салу жоспарланған болатын.
Соның ішінде 24 мектеп биыл қарастырылған, оның 20-сы оқу жылының басында ашылып отыр. Сонымен бірге 2 мектепке қосымша корпус салынды.
Жыл соңына дейін тағы 4 мектеп аяқталуға тиіс. Биылғы жаңа оқу жылын апатты мектепсіз бастап отырмыз. 2023 жылға дейін қалада үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешіледі», – деді әкім өз құттықтау сөзінде.
Барша ұстаздар мен шәкірттерді Білім күнімен және жаңа мектептің ашылуымен құттықтаған қала басшысы мектеп табалдырығын алғаш рет аттап отырған бірінші сыныптың бүлдіршіндеріне сәттілік тілеп, оларға әліппе табыстады.
Әкім балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектептер видео бақылау жүйсімен жабдықталып, турникеттер қойылып, дабыл батырмалары орнатылғанын, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келетінін айтты.
Сонымен бірге жаңа модификацияланған жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында 263 кабинет, 178 интерактивті тақта орнату жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, жаңа модификацияланған жабдықтармен қамтылған пән кабинеттер үлесі 32,5%-дан 65%-ға жетті. Бұл жұмыстар жалғасын табатын болады.
Қала әкімі 1200 орындық оқу кешенін ардагерлермен бірге аралады. Абай сыныбы, STEM-кабинеті, шахмат бұрышы, еңбек шерберханаларымен танысты. Құрылыстың сапасы мен дизайнына мән берген Мұрат Әйтенов жаңа мектепке оң бағасын беріп, мектеп директорына санитарлық шаралардың сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Айта кетейік, пандемияға байланысты алғашқы қоңырау білім табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер үшін ғана мектеп ауласында салтанатты жиын өтті, қалған сынып оқушыларына санитарлық талаптарды сақтай отырып сынып сағаты ұйымдастырылды.