Шымкентте 1 977 бұғы мүйізін сақтаған ер адам кінәлі деп танылды

Көркем Алдабергенова 12 ақп. 2026 12:05

Шымкентте сот ер адамды бұғы мүйіздерін заңсыз сақтағаны үшін кінәлі деп таныды. Табиғатқа келтірілген залал шамамен 3 млрд теңгеге бағаланды. Айыпталушы бас бостандығынан айырылып, сот шығындарын өтеуге міндеттелді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Hronika.kz дерегінше, 1982 жылы туған азамат ҚР Қылмыстық кодексінің 339-1-бабы 4-бөлігі («Сирек кездесетін жануарлардың бөліктерімен немесе олардың дериваттарымен аса ірі мөлшерде заңсыз айналысу») бойынша кінәлі деп танылған. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол белгісіз тұлғамен бірігіп, бұғы мүйіздерін сатып алу және сақтау үшін топ құрған.

Тергеу мәліметінше, 2025 жылғы 15 сәуірде айыпталушы 12 қапқа салынған 1 977 бұғы мүйізін сатып алып, өз үйінің аумағында сақтаған. 2 шілде күні полиция бұл қоймаларды анықтап, ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғаған.

Айыпталушы сотта мүйіздерді оған ұзақ уақыт бойы достары мен таныстары әкеліп бергенін, оларды қылмыстық ниетсіз сақтағанын айтқан. Кейін бейтаныс адамдар мүйіздерді сатып алуды ұсынғанын, сол келісімнен кейін полиция араласқанын мәлімдеді.

Түркістан облыстық орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесін қорғау аумақтық инспекциясының жабайы табиғатты және аңшылықты қорғау бөлімінің бас маманы тәркіленген мүйіздердің Қызыл кітапқа енген жануарлардың туындыларына жататынын хабарлады. Табиғатқа келтірілген залал 2 915 086 500 теңге деп есептелген.

Қазақстанда табиғи ортада заңсыз ауланған жабайы жануарлар үшін өтемақы мөлшері Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен белгіленген: бір бұғы үшін 500 айлық есептік көрсеткіш.

Сот айыпталушыдан жәбірленушілерге өтемақы қоры үшін 78 640 теңге және сот сараптамаларына кеткен шығын ретінде 53 799 теңге өндіру туралы шешім шығарды. Ал 3 млрд теңгеге жуық экологиялық залалды өтеу жөніндегі талап қаралмады, орман шаруашылығы органдарына бұл талапты азаматтық тәртіппен қою ұсынылды.

Шымкент қаласының ауданаралық қылмыстық соты ер адамды кінәлі деп танып, оны ең төменгі қауіпсіздік режиміндегі мекемеде 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Ресми деректерге сәйкес, Қазақстандағы тоғай бұғыларының жалпы саны 1,5–2 мың бастан аспайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove