Шымкент мұнай өңдеу зауытында екі адам қаза тапты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұған дейін 26 тамыз күні Шымкент мұнай өңдеу зауыты аумағында қайғылы жағдай орын алғаны хабарланған. Автокөтергіштің аударылуы салдарынан мердігер ұйымның екі оқшаулаушысы көз жұмған.
«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС баспасөз қызметі бұл ақпаратты растады.
"26 тамыз күні сағат 14:30 шамасында оқшаулау жұмыстарын орындау барысында автокөтергіш аударылып, екі адам қаза тапты. Жұмысты мердігер ұйым – «КРС Астана» ЖШС жүргізген. Қайтыс болғандар осы ұйымның оқшаулаушылары болып шықты. Аталған жағдайдың себебін арнайы құрылған жұмыс тобы анықтап жатыр. Зауыт штаттық режимде жұмысын жалғастыруда", – делінген ресми хабарламада.
Компания басшылығы қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтты.
Шымкент мұнай өңдеу зауыты «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» компаниясына тиесілі. Бұл – «ҚазМұнайГаз» бен Қытайдың CNPC компаниясы арасындағы бірлескен кәсіпорын (үлесі 50%-дан).