Шығыста соғыс ардагерлеріне 542 мың теңгеден ақшалай сыйлық берілді

Dalanews 12 мам. 2019 09:00 759

9 мамыр. Бұл күні біздер фашистік Германияның күлін көкке ұшырып, жалпақ әлемді жайпағалы тұрған жауыздықты жермен-жексен еткен ата-бабаларымыздың алдында бас иіп, сый-құрмет көрсетеміз.

Екінші дүниежүзілік соғысқа Шығыс Қазақстаннан 180 мың сарбаз аттанса, солардың 83 мыңы үйіне жоқ. Иә, соғыстың жазылмаған заңы бұл. Жүздеген, мыңдаған отбасының шарпып өтті осынау зұлмат.

Шығыс Қазақстаннан майданға аттанған жауынгерлер ұлы Жеңіске орасан үлес қосты.

109 адам Кеңес Одағының Батыры атағын алды. 24 адам Даңқ орденін иеленді. 9 мыңға тарта жауынгер "Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін" медалімен марапатталды.  


Бүгінгі күні облыстағы 178 көше мен 66 елді-мекен Шығыстан шыққан Кеңес одағы батырларының атымен аталады.

16 көше мен 9 елді-мекеннің аты "Даңқ" орденінің иегерлеріне берілген.

Бұлардың арасында – Қасым Қайсенов,  Федор Кокорин, Ізгұтты Айтықов, Алексей Чернов, Владимир Мыза, Төлеген Тоқтаров, Лев Рощин сияқты аты аңызға айналған тұлғалар бар.

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 74 жыл толды. Уақыт алға озған сайын осынау Жеңіске атсалысқан ардагерлердің қатары селдіреп келеді.

Былтырғы жылы Ұлы Отан соғысына қатысқан 240 ардагерлерді құттықтап, сый-құрмет көрсеткен едік. Биыл олардың қатары 179 майдангерге дейін кеміген екен. Олардың 64-і Өскеменде, 39-ы Семей қаласында тұрады.

Ардагерлеріміз Шығыс Қазақстан аумағында өткізілетін көптеген маңызды іс-шаралардың құрметті қонағы. Өткенсіз болашақ жоқ, ерлік елдің есінде болуы тиіс. Отанын жаудан қорғаған жаужүрек азаматтардың алдында бүгінгі буын мәңгі бақи қарыздар.

Осы орайда Екінші Дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 74 жыл толуына орай облыс басшылығы соғыс ардагерлеріне 301 млн. теңге көлемінде материалдық көмек көрсетті.


Соғысқа қатысқан шығысқазақстандық әрбір майдангерге 542 мың 875 теңге көлемінде өтемақы төленді.

Бұдан бөлек өңірдегі марапаты бар 576 тыл еңбеккерлері сый-сияпатқа бөленіп, оларға 63 125 теңге сыйақы берілді. Тұтастай алғанда аталған санат бойынша азаматтарға материалдық көмек көрсетуге облыс бюджетінен 36,4 млн. теңге бөлінді.

Марапаты болмаса да осынау Жеңіске үлкен үлес қосқан 16 мың тыл еңбеккерлері де назардан қалыс қалған жоқ. Оларға жалпы сомасы 155,4 млн теңге материалдық көмек көрсетілді.

Шығысқазақстандық ардагерлердің денсаулығы да жіті назарда, олар арнайы демалыс орындарында тегін демалуы мүмкіндігіне ие.  Бұдан тыс ардагерлер арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін  8 орталықта дәрігерлерлік-әлеуметтік көмек алып отыр. Жыл сайын соғыс ардагерлері мен тыл ардагерлері "Уба" санаториінде емдік курстан өтеді. Биыл бұл жерге 69 тыл еңбеккері жолдама алып, күш-қуат жинап қайтты.

Ардагерлерге жасалар жақсылық мұнымен шектеліп қалмақ емес. Облыс деңгейінде алдағы уақытта өзге де маңызды жобалар жүзеге асатын болады.

Аяулым ШАЙМАРДАН 


Шығыс Қазақстан облысы


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар