Шығыста «Абай әлемі» кітап сериясының тұсауы кесілді

Dalanews 23 қыр. 2019 09:43 979

Шығыс Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып, аймақтың мәдени және рухани дамуын жоғарлатуда.

Соның бірі – «Абай әлемі» жобасы. Бұл жоба бойынша Семей қаласында «Абай әлемі» кітаптар сериясының тұсауы кесілді.

Облыс әкімі Д.Ахметовтің ұйытқы болуымен, қаламгер Медеу Сәрсекенің редакторлығымен жүзеге асқан жоба аясында хәкім Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Марат Қабанбай, Федор Достоевский, Төлеу Көбдіков,  Анатолий Иванов, Борис Щербаков, Жарқын Шәкәрім сынды авторлардың 16 кітабы оқырманға жол тартты.

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Ұлы ақынның тағы бірқатар кітаптары қайта басып шығарылып, кітап сөрелерін толтырмақ.


"Абай әлемі" кітап сериясының редакция алқасы мүшелері: "Жоба аясында жарық көрген құнды туындының бірі өнертанушы Жарқын Шәкәрімнің әйгілі әнші Әміре Қашаубаев туралы еңбегі" дейді.

Келесі жылы осы серия аясында тағы да 20 кітап шығару жоспарда бар.

Одан кейін атап өтетін тағы бір ауқымды жоба – «Менің мектебім» жобасы. Бұл жоба 2017 жылдан бастап облыс мектептерінде жүзеге асырылып келеді.

Аймақтағы 277 мектептегі 476 химия, биология, физика, роботехника кабинеттері Назарбаев интеллектуалды мектебі үлгісінде заманауи үлгіге сәйкестендіріліп, қайта жабдықталуда. «Менің мектебім» акциясы аясында 600 оқытушы қайта оқытудан өтті.

Олар роботехниканың қыр-сырын меңгеріп үйренді. Осы мақсаттарға облыстық бюджеттен 60 млн теңге қаржы бөлінді.



Осы ретте ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин Үкіметтік топ құрамында облысқа жасаған жұмыс сапары барысында "Рухани жаңғыру" өңірлік орталығына келіп, жұмыс барысымен танысты.

Орталық басшысы Мәдениет Ахметова вице-министрді  "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында облыста жүзеге асырылып жатқан жобалармен таныстырып өтті.


Д.Есин орталық жұмысына оң баға беріп, облыс әкімі Даниал Ахметовтың бастамасымен жүзеге асырылған "Менің мектебім" жобасының ұтымды болғанын, сондықтан мұндай жобаларды әлі де насихаттау керектігін айтты.

Жалпы, Шығыс Қазақстанда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша мәдениет, әдебиет, әлеумет және білім саласына байланысты 30-ға жуық ірі жоба жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта олардың қатары артып, тың идеялар бастамасы қолға алынбақ.

 

Әсем Жұмағалиқызы,


Өскемен


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар