Шығыс Қазақстанның Самар ауылында Абай ескерткіші ашылды

Dalanews 03 қыр. 2019 10:45 1435

Шығыс Қазақстан облысындағы Самар ауылы хакім Абайға ескерткіш орнатты.

Нысанның айналасы да абаттандырылып, алаң ұлы ойшылдың атымен аталған. Облыстың аудандарынан жиналған оқушылар ақын өлеңдерін мәнерлеп оқудан сайысқа түсіп, озғаны жүлдегер атанды.

Самар ауылы 6 мыңнан астам халқы бар іргелі елдімекен. Қазақтан өзге де көптеген ұлт пен ұлыс өкілдері тату тәтті тұрмыс кешіп жатыр.

Ал данышпан ақынның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында тұрғындар тарихи сәтке куә болды. Тұғырымен қоса есептегенде биіктігі 7 метр болатын ескерткішті өңірге танымал мүсінші Әлібек Шоқанов жасаған.

Бұл оның үшінші Абайы.

 - Тұрысы, оның дене бітімі, ой, қабағы, ойлы болып, осының бәрін халыққа жеткізе білу ол өте бір талапты қажет етеді. Самал желдің төсінде бір өзінің ойымен тұрғанын бейнеледік. Бір жылдық еңбегіміздің жартысы осы эскиз жасаумен, ойланумен өтсе, екі айда  ескерткішті жасап шықтық, – дейді мүсінші.

Көкпекті ауданының әкімі Асхат Смаиловтың айтуынша ауданда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 136 жоба жүзеге асырылып жатыр.

– Абай бабамыздың ескерткішінің ашылу салатанаты сол Рухани жаңғыру аясында өтуде. Жаңадан ашылған ескерткіш ауылдың ажарын ашып, жас ұрпақ тағзым етер мекенге айналады, – деді әкім. 

Алдағы уақыттың ескерткіштің аумағы абаттандырылып, мәдени-демалыс орталығына айналады

Шара аясында ауылдағы Мәдениет үйінде облыстың шалғайы ауылдарынан келген жеткіншектер арасында Абай оқулары байқауы ұйымдастырылып, кіл жүйріктер анықталды. Енді бұл шара Самар ауылында дәстүрлі түрде өтетін болады.

Ауданда жыл соңына дейін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылар шаруа аз емес. Кәсіпкерлер туған жерді түлетуге ат салысса, мектеп оқушылары ауданның киелі жерлерін аралап, саяхатқа шықпақшы. 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар