Бурабай аудандық соты Щучинск қаласындағы «Центр плова Loft» дәмханасында болған жарылысқа қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Апат салдарынан 12 адам қаза тауып, 11 адам түрлі жарақат алған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сот шешімімен:
Дәмхананы жалға алған кәсіпкер 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған үш жыл бойы қоғамдық тамақтану саласында қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Жанармай құю станциясының директоры да 7 жылға сотталды.
Ал газ баллондарын жеткізумен айналысқан азамат 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар сот зардап шеккендердің азаматтық талап-арыздарын ішінара қанағаттандырып, әрқайсына 1 миллионнан 4 миллион теңгеге дейін өтемақы төлеуді міндеттеді.
Қайғылы оқиға қалай болған еді?
Еске салсақ, 2024 жылғы 26 ақпаннан 27 ақпанға қараған түні Щучинск қаласындағы дәмханада газ баллоны жарылған болатын. Алғашында алты адамның қаза тапқаны хабарланған. Кейін көз жұмғандар саны 12 адамға жеткені белгілі болды. Жарылыстан тағы 11 адам зардап шекті.