Шетелдіктер қазақстандықтардың Таяу Шығыс елдерінен оралғанына қызыға да, қызғанышпен де қарады

Көркем Алдабергенова 04 нау. 2026 12:07

Катар астанасы Доха маңында круиздік лайнерде қалып қойған ресейлік туристер Қазақстан мен Өзбекстан елшіліктері өз азаматтарына жедел көмек көрсетіп жатқанын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ресейлік туристің айтуынша, ол және тағы бірнеше жолаушы Дохада тұрған круиздік кемеде қалып қойған. Олардың басым бөлігінің ұшағы Дубайдан ұшуы тиіс болған.

Ол қазіргі жағдайды түсіндіре келе, теңіз де, әуе кеңістігі де жабық болғандықтан, жолаушылар кемеден шығып, Дубайға жете алмай отырғанын айтты.

"Біз Ресейден келген туристерміз. Қазір Катардағы Дохада лайнерде қалып қойдық. Көпшілігіміздің ұшағымыз Дубайдан еді. Бірақ теңіз де, әуе кеңістігі де жабық. Сол себепті біз 7 наурызға дейін кемеде боламыз деген ақпарат айтылды", - деді ол.

Қазақстан елшілігі жедел әрекет еткен

Туристің сөзінше, кемеде Қазақстан мен Өзбекстан азаматтары да бар. Оның айтуынша, Қазақстан елшілігі өз азаматтарының өтінішіне жедел жауап берген.

"Мысалы, біздің қасымызда Қазақстаннан келген адамдар бар. Олар өз елшілігіне хабарласқан. Елшілік сол күні бірден жауап беріп, оларды шығару туралы шешім қабылдады. Қазақстан азаматтары үшін Сауд Арабиясына арнайы ұшақ жіберілген", - деді турист.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан азаматтарына Сауд Арабиясына бару үшін визалар рәсімделіп жатыр.

"Қазір лайнердегі ресепшнде Сауд Арабиясына виза рәсімдеу жүріп жатыр. Ертең олар жеке автобустармен Сауд Арабиясына жеткізіледі. Сол жерден өз елдеріне тегін ұшақпен ұшады", - деді ол.

Өзбекстан да шара қабылдаған

Туристің айтуынша, Өзбекстан елшілігі де өз азаматтарына көмектесу үшін жедел әрекет еткен.

"Өзбекстан елшілігі де тез жауап берді. Олар арнайы чат ашып, азаматтарын ұйымдастырып жатыр. Яғни олардың мәселесі бойынша да қозғалыс бар", - деді ол.

Ресей туристері көмек күтуде

Ал ресейлік туристердің жағдайы басқаша екенін айтқан жолаушы Ресей елшілігіне бірнеше рет хабарласқандарын жеткізді.

"Біз де Катардағы Ресей елшілігіне жазып жатырмыз. Бірақ бізге тек чат-боттан стандартты жауап келеді. Бізге «7 наурызға дейін күтіңіздер, кейін көре жатармыз» деп айтылды. Төтенше жағдай режимі жарияланбағандықтан, эвакуациялық рейстер жоспарланбағаны айтылды", - деді ол.

Туристің айтуынша, осы жағдай олар үшін ең өкінішті мәселе болып отыр.

Сондай-ақ ол әлеуметтік желі қолданушыларын өз видеосын таратып, жағдайға қоғам назарын аударуға шақырды. Оның сөзінше, бұл мәселенің жария болуы Ресей азаматтарын елге қайтару мәселесін жеделдетуі мүмкін.

Сонымен қатар,Балиде тұратын ресейлік блогер Денис Смычек әлеуметтік желідегі парақшасында Қатарда қалып қойғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, сол жерде жүрген Қазақстан азаматтарына Жидда қаласына автобуспен жеткізілетіні туралы хабар берілген. Ал блогердің сөзінше, дәл сол уақытта Ресей елшілігі өз азаматтарымен байланысқа шықпаған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove