Шетел асқан ақша: Әлия Назарбаева мемлекетке 180 млрд теңгені санап берді

Dalanews 13 қаз. 2023 16:31 994

Жаңа Қазақстан шетел асқан капиталды қарқынды қайтару үстінде деп жазады Dalanews.kz. 

Антикордың өкілі Қанат Сүлейменовтің айтуынша агенттіктің атсалысуымен осы күнге дейін шетелдік банктердің сандығында сақтаулы жатқан 856 млрд теңге (1,8 млрд доллар, ред.) кері оралған.

Соның ішінде Назарбаевтың сүт кенжесі Әлия Назарбаеваға тиесілі атышулы "Оператор РОП" 180 млрд теңгені мемлекеттің есеп-шотына аударған. 


РОП операторының халық пен мемлекеттен алған қаржысы талан-таражға салынғанда, оның негізгі пайдақоры Әлия Назарбаева болды деген күдік бар.

Антикор алыс-жақын шетелдегі халыққа тиесілі ақшаны қазынаға қайтару науқанын үдете түспек. Қанат Сүлейменовтің мәлім еткеніндей жыл аяғына таман бұл сома тағы 180 млрд  теңгеге толығады. Жинақтай келе жыл аяғына дейін Жаңа Қазақстан 1,036 трлн теңгені (2,173 млрд доллар, ред.) елге қайтаруы тиіс.

Мамыр айында ғана Бас прокурор Берік Асылов елге 760 миллиард теңгеден астам активтер қайтарылғанын, оның 264 миллиард теңгесі шетелдік юрисдикциялардан алынғанын хабарлаған. Оның ішінде 14 миллион долларды тұңғыш президенттің немересі інісі Қайрат Сатыбалдыұлы санап берген.

Ал депутат Ермұрат Бапидің айтуынша өткен отыз жылдағы шетел асқан ақшаның көлемі 150 млрд долларға жуықтайды.

"Осыншама капиталдың түпкі бенефициары кім? Бас прокурорға құлаққағыс, ел ұры-қарылардың есімін білуі тиіс", - деген Бапи.

Бұған дейін DALA INSIDE телеграм арнасы "Жаңа Қазақстан Әлия Назарбаеваға жақындап келеді" деп жазған

"РОП операторына қатысты бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаеваның үстінен іс қозғау туралы пікір алмасулар жүруде. Оның фабуласы, барлығы дайын. Тек нақты саяси сигнал керек", - деп хабарлаған еді DALA INSIDE.


Толық нұсқасы осы тұста: https://t.me/dalainside/1487

https://dalanews.kz/sadak/93948-antivirus-mafiiasy-reseylikterding-as

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар