Шешімді кім қабылдады? Болат Әбілов Желтоқсанға қатысты жабық қалған сұрақтарды көтерді

Көркем Алдабергенова 17 жел. 2025 18:11

Кәсіпкер Болат Әбілов 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының кезекті жылдығына орай жазба жариялап, сол кезеңге қатысты әлі күнге дейін ашық күйінде қалған сұрақтарды көтерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, арада 39 жыл өтсе де, бұл оқиғаларға қатысты сұрақтар азаймаған. Әбілов «неге Желтоқсан болды, оған кім мүдделі еді, бейбіт наразылық қаншалықты қатыгездікпен басып-жаншылды, қанша адам қаза тапты және жараланды, нақты сандар мен есімдер қашан айтылады, сол шешімдерді кім қабылдады?» деген сауалдарды алға тартты. Сондай-ақ ол сол кезеңде елді басқарған тұлғалардың саяси және тарихи жауапкершілігі қашан қаралатынын сұрайды.

Әбілов Дінмұхамед Қонаевтың қызметтен алынуын, ал Мәскеудің шешімімен, қоғаммен ешқандай түсіндірусіз және диалогсыз Қазақстанға саяси да, адами да қатысы жоқ адам – Геннадий Колбиннің республика басына келгенін еске салды. Оның сөзінше, дәл осыдан кейін, келесі күні студент жастар алаңға шыққан.

Болат Әбіловті жылдар бойы мазалаған негізгі мәселе – әскер енгізу туралы шешімнің қалай және кімнің қатысуымен қабылданғаны. Ол күш қолдану жөніндегі бұйрықтың артында нақты кімдер тұрғанын білгісі келгенін айтады.

Осыған байланысты кәсіпкер 2000 жылдың қаңтарында Швейцарияда Михаил Горбачевпен кездейсоқ кездескенін жазады. Сол кезде ол КСРО-ның бұрынғы басшысына Алматыдағы жағдай қалай баяндалғанын және студенттердің наразылығын күшпен басу үшін әскер енгізу туралы шешімді кім қабылдағанын сұраған.

Әбіловтің жазуынша, Михаил Горбачев оған былай деп жауап берген:

«Ол кезде бейнебайланыс болған жоқ. Жағдай туралы жергілікті жерден жаңа тағайындалған Колбин баяндап отырды, бірақ ол нақты ештеңе айта алмады. Ал Назарбаев үнемі хабарласып, жағдай бақылаудан шығып бара жатқанын, жергілікті күштердің шамасы жетпейтінін айтып, әскер енгізуді талап етті. Біз әскер кіргізуге мәжбүр болдық. Яғни бұл – жергілікті басшылықтың өтініші еді. Әскер енгізуді жеке өзі Колбин мен Назарбаев сұрады».

Кәсіпкер бұл сөздерді Михаил Горбачевтен 2000 жылдың қаңтарында Швейцарияда жеке өзі естігенін ерекше атап өтті.

Әбіловтің пікірінше, арада қырық жылға жуық уақыт өтсе де, куәгерлер тірі болғанына қарамастан, Желтоқсан оқиғаларына әлі күнге дейін не саяси, не тарихи баға берілген жоқ. Оның айтуынша, қазақстандықтар өз тарихының тереңін ғана емес, тіпті ең жаңа кезеңін де толық зерделеп, түсініп үлгермеген. Ол мұны да ұлттық трагедияның бір бөлігі деп бағалайды.

Кәсіпкер Желтоқсан оқиғаларын КСРО тарихындағы қазақ халқы алғаш рет жаппай түрде тәуелсіздік үшін дауысын көтерген кезең ретінде сипаттайды. Оның айтуынша, алаңға шыққан жастар сол сәтте тек республика басында қазақтың болғанын ғана қаламаған, олар еркіндік пен дербестікке деген ішкі, тарихи ұмтылысты білдірген.

Болат Әбілов Желтоқсанды Кеңес Одағы іргетасынан алынған алғашқы тас деп санайды. Оның сөзінше, осыдан кейін басқа республикаларда да өзгеріс үдерістері басталды. Ал Қазақстан тәуелсіздігін ең соңғы болып жариялады, кәсіпкер мұны сол кездегі басшылықтың, нақтырақ айтқанда Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімсіздігі мен қорқынышымен байланыстырады.

«Тарих үнсіздікті кешірмейді. Өткенмен ашық әрі адал сөйлесуден қаншалықты ұзақ қашсақ, оның салмағы болашағымызға соншалықты ауыр түседі», – деп түйіндеді Болат Әбілов.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар