Қаржаубай Нұрымовтың айтуынша, осыдан кейін олар бес адам болып Ғайыпбаевты іздеуге шыққан. Алдымен Талғардағы зират аумағы алдынан марқұм мініп кеткен көлікті тапқан. "Есігі ашық болды, ішінде ұялы телефоны жатты" деді Қаржаубай Нұрымов. Оның сөзіне қарағанда, зират алдында жар бар, інісі сол жерден төмен түскенін жердегі ізден анықтаған.
– Біз түнде келгенде қар жауып тұрған, жардан түсіп, 500-700 метр жерде жол бойындағы қуысқа барып, талдың жиегіне отырып, өліп қалған. Мойнында сым тұрған. Құзырлы органдарға кеше бәрін түсіндірдім. Екі сағаттан артық жан-жақты іздедік. Мына жардың биіктігі – 7-8 метр, осыдан сырғып түскен. Бауырымның өлемін деген ниеті болған емес. Қандай шындықты айтып жатсақ да, бізді қаралап жатқан адамдар бар. Сол үшін артық ештеңе айтқым келмейді, – деді Қаржаубай Нұрымов.
Биыл 4 қазанға қараған түні Алматы облысы Талғар ауданында бір топ адам қатысқан жанжал кезінде 16 жастағы Шерзат Полат пышаққа түсіп мерт болған еді. Оқиғадан соң қара жамылған отбасының үйі өртеніп, полиция ауданда күзетті күшейткен. Нұрымов "әділ сот болады деп күтіп жүрдік" деді.
– Сараптама "өзіне қол жұмсады" дейді. Оны қосымша талдауға зерттеуге жіберемін. Қандай жағдай болса да біз ешкімді өлтірген жоқпыз, – деді Нұрымов.
Талғардағы зиратта Шерзат Полаттың бейітінің қасынан тағы бір қабір қазылып жатыр.
Еске салайық, бүгін Алматы облысында Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев өлі табылған еді. Полиция департаментінің алдын ала деректері бойынша, ол суицид жасаған. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрқанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті.
Хабарламада ол туысқандарымен қоштасып, жиенінің жанына жерлеуді сұраған.
Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта барлық жағдайларды анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Шерзат Болат тарапының адвокаты Саида Тәуекелова жасөспірімнің ағасының өлі табылуына қатысты мәлімдеме жасаған болатын.
Саида Тәуекелова марқұмның ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев көз жұмғанын растады. "Чемодан госсекретов" телеграм-арнасында “Шерзат Болаттың ағасы төбелес кезінде қаруды бірінші алып шыққан, сол үшін өзін айыпты сезініп, өз-өзіне қол салған” деген ақпарат тараған.
"Марқұмның тергеу барысында берген жауаптарынан оның қатты қобалжығанын, інісінің өліміне өзін кінәлі деп санағанын байқауға болады. Суицид жасауының да себебі сол болуы мүмкін", делінген телеграмдағы жазбада.
Адвокат Тәуекелова бұл нұсқаны жоққа шығарған еді.
Ал бұған дейін Шерзат Болат тарапының қорғаушысы Марал Жайлаубаева қанды оқиға болған түні күдіктілер марқұм Шерзаттың ағасы Нұрқанатты да өлтіруге оқталғанын айтқан еді.
“Біз Нұрқанатты өлтіруге оқталу фактісі бойынша тергеу органдарына өтініш жібердік. Күдіктілер Нұрқанатқа дене жарақаттарын келтіріп, 3-4 мәрте жамбасы мен төсіне пышақ сұққан. Аталған әрекеттер адамды өмірінен айыруға тікелей бағытталған, яғни нақты ниетпен жасалған деп есептейміз. Бұл өтініш қазір тергеу органдарымен қаралуда. Қылмыстық іс бойынша жәбірленушілер мен күдіктілердің ортасында беттестіру өткізіліп, қазіргі таңда тағайындалған сараптамалардың қорытындыларымен біз танысудамыз”, - деген еді адвокат.