Танымал блогер Жан Ахмадиев Шерзаттың әпкесіне қатысты күтпеген видео жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, Шерзаттың әпкесі Бақыт Реймова өзі жіберген видеода Бауыржан Абдырахманов есімді азаматты бірнеше мәрте оның отбасына қарсы жалған ақпарат таратып, ақпараттық шабуыл жасағанын айтқан. Тіпті, ол Шерзаттың өліміне де сол кісіні кінәлап отыр.
Видео барысында Бақыт Реймова енді өз өліміне де Бауыржан Абдырахмановты жауапты деп санайтынын жеткізген.
Осы бейнежазбадан кейін Бақыт Реймова Алматыдағы Райымбек даңғылының бойындағы көпірге көтеріліп, өз-өзіне қол жұмсауға бел буған. Абырой болғанда, оны көшеде жүрген полицей байқап қалып, дер кезінде құтқарып қалған.
«Сөз сүйектен өтеді деген рас қой. Бір адамның сөзі қаншама қайғы мен қасіретке себеп бола жаздады. Өзін “доктор” деп таныстырған бұл азаматқа бірнеше рет ескерту жасадым. Бірақ еш нәтиже болмады. Егер Бақыт суицид жасаса, оның отбасының қарғысына ұшыраймын деп ойламай ма? Бұл адамның көздегені не екенін түсіне алар емеспін. Өзі де қара жамылып отырған отбасына неге сонша жабысып алды?» – деді блогер Жан Ахмадиев.
Еске салайық, бұған дейін Талғардағы жанжал кезінде қаза тапқан жасөспірім Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың қарындасы Бақыт Реимоваға да «митингке үндегені үшін» деген айып тағылып, 15 тәулікке қамауға алынған болатын. Сонымен қатар Реимованы сот Қазақстаннан депортациялау жөнінде шешім шығарған. Бірақ адвокаты мұнымен келіспейтінін айтты.
Шерзат Болаттың бірнеше туысы қамауға алынған болатын.
Еңбекшіқазақ аудандық соты әкімшілік іс жүргізу тәртібімен істерді қарау нәтижелері бойынша азамат Салтанат Нұрымова ұсақ бұзақылық жасағаны үшін (ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі) 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салумен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
ҚР бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзғаны үшін (ӘҚБтК 488- бабының 8-бөлімі.) азаматтығы жоқ Бақыт Реймова әкімшілік тәртіппен 15 тәулікке қамауға алынып, кейіннен ҚР шегінен шығарып жіберілді.
Қоғамдық орында балағат сөздер айтқаны, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қорлап, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын айналасындағыларға құрметсіздік танытатын іс-әрекеттер жасағаны және көлік құралдарының қозғалысы үшін кедергілер жасағаны үшін Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
10 желтоқсанда марқұм Шерзат Болаттың отбасы Нұрқанат Ғайыпбаевты жер қойнына тапсырды. Жерлеу рәсімінен кейін Қаржаубай Нұрымов қолына пышақ ұстап, БАҚ өкілдерімен кездесуді талап етті. Аталған оқиғадан кейін Нұрымовты полиция қызметкерлері ұстап әкетті.
Ресми дерекке сүйенсек, сағат 15:30 шамасында Азат ауылында жерлеу рәсімі кезінде қоғамдық тәртіп бұзылған. Айтуларынша, Қаржаубай Нұрымов қолына пышақ ұстап, өз-өзіне қол жұмсамақ болған.
"Қаржаубай Нұрымов прокурордың заңды сақтау туралы түсіндірмелерін елемеді. Шектен тыс агрессивті мінез-құлық танытып, басқаларды өз-өзіне қол жұмсаймын деп қорқытты. Сонымен қатар полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасады. Оның мінез-құлқы өзіне де, басқаларға да қауіп төндірді", - делінген хабарламада.