Шерзат ісіне қатысты сот отырыстары соңына таяп келеді. Кеше мемлекеттік айыптаушылар күдіктілерді қанша жылға соттауды сұрағаны белгілі болды. Бұл туралы сарапшылар не дейді? Dalanews.kz материалында.
Прокурорлардың ұстанымы қандай?
Кеше барлық мән-жайды ескере отырып, прокурор Дана Сәрсенбай соттан айыпталушыларға мынадай үкім шығаруды сұрады:
- Абзал Шынасыл - 23 жылға бас бостандығынан айыру;
- Равиль Сакиев - 20 жылға бас бостандығынан айыру;
- Азамат Тоқтаубаев - 15 жылға бас бостандығынан айыру;
- Нұрқияс Ілиясов - 9 жылға бас бостандығынан айыру;
- Шыңғыс Белғожаев - 7 жылға бас бостандығынан айыру;
- Нұрбол Тоқтаубаев - 7 жылға бас бостандығынан айыру;
- Дархан Әскентай - 7 жылға бас бостандығынан айыру;
- Дидар Қалиахмет - 7 жылға бас бостандығынан айыру;
- Думан Ысқақ - 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру.
Сарапшы пікірі
Белгілі адвокат Жохар Өтебеков әлеуметтік желіде марқұм Шерзат Болат ісіне қатысты пікір білдірді.
"Скринде Белғожаев өлім аузында жатқан Шерзаттың басынан теуіп жатқаны көрінеді. Ілиясов оның басынан мылтықтың сабымен ұрған. ...Оларға бар болғаны 7 жыл ғана сұралып отыр. Сондай-ақ, бәрін бастаған Әскентай мен Нұрболға да 7 жыл сұралды. Бірақ бұл 7 жылды шартты түрде, яғни жақсы тәртіп көрсетсе, үштен бір бөлігін өтеп шықса болады. Бұл дегеніміз - бар болғаны 2 жыл 4 ай! Тергеу изоляторында (СИЗО) 1 күн 1,5 күн болып есептеледі. Демек "бұзақылар" келесі жылы бостандыққа шығуы мүмкін. Жамандық жеңді!" - деген болжам жасады адвокат.
Айта кетейік, бұған дейін адвокат оқиға орнында 15 адам болғанымен, тек бір адам кісі өлтірді деп айыпталып отырғанын мәлімдеді.
Адвокаттың мәліметінше, тергеу барысында 13 адам күдікке ілініп, 11-і қамауға алынған. Алайда сотқа тек 9 адам жеткізіліп, олардың ішінде кісі өлтіру бойынша нақты айып тек бір адамға тағылған. Қалғандарына "бұзақылық" бабы бойынша іс қозғалған.
Шерзат Болаттың өлімі туралы не белгілі?
Еске салайық, былтыр Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат көз жұмды.
Кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша Алматы облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ, олардың үйі өртеніп кетті.
Көп ұзамай, яғни 9 желтоқсанда марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев ажал құшты. Полиция департаменті алдын ала деректер бойынша ол суицид жасағанын мәлімдеді. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрғанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті.
Ал марқұм Шерзаттың әкесі бауыры Нұрғанат Ғайыпбаевты жер қойнына тапсырғанан кейін бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап етіп, көшеге шықты. Алайда араға ұзақ уақыт салмай Қаржаубай Нұрымовты полиция қызметкерлері ұстап әкетті. Артынша Шерзат Болаттың әпкесі қамауға алынды. Кейін Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.