Шерзат Болаттың өліміне қатысты өтіп жатқан сот отырысында айыпталушы Дидар Қалихметтің адвокаты жәбірленуші тарап өкілдеріне қылмыстық іс қозғауды сұрады. Адвокаттың айтуынша, жәбірленуші Қаржаубай Нұрымов, Айман Бишембаева және Нұрай Кадирова сотта қарама-қайшы жауап берген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қорғаушы тарап өкілі сотқа дейінгі тергеу кезінде және сот процесінде айтылған жауаптардың арасында алшақтық барын атап өтті. Оның сөзінше, жәбірленушілердің жауабы тұрақты емес, үнемі өзгеріп отырған.
"Бұл тұлғалар тергеу мен сотта әртүрлі мәлімет беріп отыр. Қылмыстық кодекстің 420-бабына сәйкес, жалған жауап бергендер қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс. Олар айыпталушыға қарсы барынша ауыр жүк артқысы келді. Сондықтан Нұрымов, Бишембаева мен Кадироваға қатысты жеке қаулы шығарып, материалдарды уәкілетті органға жолдауды сұраймын", – деді адвокат.
Сонымен қатар, сот тергеуі барысында жәбірленуші тараптың заңды өкілі Мейірман Шекеевтің өзі де суық қаруды оқиға орнына алып келген тұлға жәбірленушілердің бірі екенін мойындаған. Видеожазбада Қаржаубай Нұрымовтың дүкеннен бірінші болып пышақ алып шыққаны анық көрінеді.
Осыған байланысты қорғаушы тарап Шерзат Полат, Нұрқанат Ғайыппаев және Қаржаубай Нұрымовқа қатысты ҚР ҚК-нің 293-бабының 3-бөлігі (Бұзақылық) бойынша жеке қаулы шығарып, Алматы облыстық прокуратурасына процессуалдық шешім қабылдау үшін жолдауды сұрады.