Шерзат Болатты өлтіру ісі бойынша өтіп жатқан апелляциялық сот отырысына журналистер кіргізілмеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Олар сот залында орын жетіспеуін алға тартқан.
“Отырысқа тек операторлар жіберілгенімен, олардың түсірілім жүргізуіне айыпталушылардың адвокаттары мен туыстары қарсы шықты. Нәтижесінде судья операторларды да залдан шығаруға шешім қабылдады”, — дейді Nege.kz порталы.
Айта кетейік, бүгін Шерзат Болатты өлтіргендердің ісі қайтадан қаралып жатыр.Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев хабарлады.
Яғни 18 тамызда Қонаев қаласында Шерзат Полатты өлтіргені үшін сотталғандардың апелляциялық шағымы қаралады.
"Біз командамызбен сотқа дайындалып отырмыз. 18 тамызда 8 сотталушының апелляциялық шағымы Алматы облыстық сотының ғимаратында Қонаев қаласында қаралады. Сонымен қатар, төбелес болған оқиға орнында жүрген екі қыз – Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелді қатысты іс, одан қалса, куәгер Юлдаш Розыбакиев пен Арлан Қазыкеновке қатысты шыққан бірінші сатының жеке қаулысына келтірілген Жақсыгелді Дананың жеке шағымы сол сот отырысында қаралады", - дейді Шекеев.
Шерзат Болаттың өлімі туралы не белгілі?
Еске салайық, былтыр Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат көз жұмды.
Кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша Алматы облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ, олардың үйі өртеніп кетті.
Көп ұзамай, яғни 9 желтоқсанда марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев ажал құшты. Полиция департаменті алдын ала деректер бойынша ол суицид жасағанын мәлімдеді. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрғанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті.
Ал марқұм Шерзаттың әкесі бауыры Нұрғанат Ғайыпбаевты жер қойнына тапсырғаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап етіп, көшеге шықты. Алайда араға ұзақ уақыт салмай Қаржаубай Нұрымовты полиция қызметкерлері ұстап әкетті. Артынша Шерзат Болаттың әпкесі қамауға алынды. Кейін Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Жуырда осы іс бойынша сот шешімі шықты. Тергеу мәліметінше, Шерзатқа пышақ жарақатын салған басты айыпталушы Абзал Шынасыл 23 жылға бас бостандығынан айырылды. Равиль Сакиев 20 жылға сотталды.
Қалған айыпталушылар 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Кәмелетке толмаған Думан Ысқақ 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды.