Шерзат Болат ісінде аты аталған 4 куәгерге қатысты жеке қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ. Бұл туралы Алматы облысының прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылдың 5 маусымында облыстық мамандандырылған ауданаралық сот шығарған жеке қаулыға тараптар апелляциялық шағым түсірген.
“ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 414-бабына сәйкес, сот актісіне апелляциялық шағым берілген жағдайда ол заңды күшіне енбей қалады. Қазіргі уақытта қылмыстық іс облыстық соттың қарауында. Процессуалдық шешім жеке қаулы заңды күшіне енгеннен кейін ғана қабылданады”, – деп мәлімдеді прокуратура.
Айта кетейік, Шерзат ісіне қатысты сотталғандардың бірі бостандыққа шықты. Бұл туралы адвокат Мейірман Шекеев мәлімдеді.
"Думан Ысқақ бірінші сатыдағы үкімдегі жазаны өтеп қойғандықтан Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Мұсабекованың 2025 жылғы 23 шілдедегі сот қаулысымен бұлтартпау шарасы жойылып, қамаудан босатылды", – дейді адвокат Мейірман Шекеев.
Сонымен қатар адвокат апелляциялық сот қашан өтетінін айтты.
Мейірман Шекеевтің сөзінше, Шерзат ісі бойынша апелляциялық сот 18 тамызда сағат 11:00-де Алматы облысы сотының ғимаратында өтеді.
Еске салайық, бұған дейін Шерзат Болатты өлтірді деген күдіктілердің жетеуі апелляциялық шағым түсірген еді.
Адвокаттың айтуынша, 21 маусым күні сот үкімі заңды күшіне енген. Сол күннен бастап, сондай-ақ сотталушылар үкімді қолдарына алған күннен кейінгі 15 тәулік ішінде шағым түсіруге құқықтары бар.
"Қазірдің өзінде сотталушылар мен олардың қорғаушыларының басым бөлігінен апелляциялық шағым келіп түсті. Тек Шыңғыс Белғожаев пен кәмелетке толмаған Думан Ысқақтан басқа барлық сотталушы шағым түсірген. Апелляциялық сот отырысының нақты күні кейінірек хабарланады", – деді қорғаушы.
Биыл 5 маусымда Талғар аудандық сотында кісі қолынан қаза тапқан жасөспірім Шерзат Полаттың өліміне қатысты үкім шыққан болатын. Сот процесін судья Ержан Жанұзақов жүргізді.
Сот үкімімен:
- Абзал Шынасыл – 23 жылға,
- Равиль Сакиев – 20 жылға,
- Азамат Тоқтаубаев – 15 жылға,
- Нұрқияс Ілиясов – 9 жылға (бұған дейінгі 2,5 жыл шектеу жазасын ескере отырып),
- Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет – әрқайсысы 7 жылға сотталды,
Ал Думан Ысқақ ҚР Қылмыстық кодексінің 434-бабы (ауыр қылмыс жасалғанын хабарламау) бойынша 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның изолятордағы бір күні екі күн ретінде есептелетін болды.