Шеңгелдіде амбулатория қолданысқа берілді

Ақтоты Жапатова 11 сәу. 2025 16:40 824

Қонаев қаласына қарасты Шеңгелді ауылында «Ауыл - Ел бесігі» жобасы аясында дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жасалып, медициналық нысан қолданысқа берілді,деп хабарлайды Dalanews.kz

Амбулаторияның ашылу салтанатына Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысының орынбасары Лейла Серікбаева мен Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Нұрсолтанова қатысып, тұрғындарды айтулы күнмен құттықтады.

Медициналық нысан бір ауысымда 100 адамды қабылдай алады. Мекемеде медициналық және профилактикалық тексерулер және ерте диагностика бойынша қызметтер көрсетіледі. Енді Шеңгелді ауылдық округіне қарасты алты елдімекеннің 7 мыңға жуық тұрғыны қажетті медициналық көмекті алу үшін амбулаторияға жүгіне алады.

Мұнда жалпы практика дәрігерлері, педиатр, балалар тіс дәрігері, мейірбикелер мен кіші мейірбикелер жұмыс істейді. Ал дәрігер-гинекологтар Қонаев қаласынан келіп, кестеге сай қызмет етеді. Шұғыл жағдайлар болса, науқастар бірден қалаға жөнелтіледі. Амбулатория УДЗ, лаборотория, рентген секілді озық техникалармен жабдықталған.

Бұл Мемлекет басшысының халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған тапсырмаларын іске асырудағы маңызды қадам. Әрбір азаматтың заманауи медициналық көмекке қол жеткізуі үшін ауылдық жерлерде денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуды одан әрі жалғастыру жоспарлануда.

Сонымен қатар бұл күні халық Наурыз мерекесін тағы да атап өтіп, киіз үй тікті, ақ дастархан жайды. Олар бір-бірін жылдың жақсы басталуымен құттықтап, ақжарма тілектерін арнады.

«Бұрын осы жерде өзім де қызмет еткенміні. 1970 жылдары іргесі қаланған нысан бүгінде жаңғыртылып, елге қызмет ету үшін ашылды. Өте қуаныштымын. Ауылымызда жақсы жаңалық көп болып, қарыштап-дами берсін!» – деді тұрғын Қарлығаш Қосбаева.

Ал Қонаев қаласының өнерпаздары халыққа шағын концерттік бағдарлама ұсынды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар