Шекарадағы серпін: Зайсанда жаңа әуежай ашылады

Самал Асқар 10 қаң. 2026 09:07

Зайсан ауданында салынып жатқан жаңа әуежай биыл маусым айында алғашқы әуе кемесін қабылдайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бас мердігер «ЭЛХОН» ЖШС бас директорының орынбасары Әсет Сұлтановтың айтуынша, құрылыс барысында айтарлықтай қиындықтар туындамаған. Әуежайды жобалау және салу жұмыстарын «Қазаэронавигация» РМК жүзеге асыруда. Ұзындығы 2200 метр болатын ұшу-қону жолағы мен жалпы аумағы 4000 шаршы метрді құрайтын терминал мерзімінде салынып жатыр. Сондай-ақ рулеж жолдары, төрт әуе кемесіне арналған перрон, басқару-диспетчерлік пункт, авариялық-құтқару қызметі, метеостанция және радионавигациялық жабдықтар қарастырылған.

«Жалақы бойынша берешек жоқ. 200-ге тарта жұмысшы тұрақты еңбек етуде. Кейбір бағыттар бойынша алда келеміз. Қазіргі уақытта нысанның 65 пайызы аяқталды», – деді Әсет Сұлтанов.

Жоба Зайсан ауданы үшін әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан маңызды. Әуежай іске қосылған соң өңірге туристер тартуға кең мүмкіндік ашылады. Алғашқы кезеңде Қытайдың Үрімші қаласына, Алтай аймағына және Қанас көліне халықаралық рейстер ашу жоспарланған.

Сонымен қатар Астана, Алматы және Өскемен қалаларына ішкі бағыттар бойынша тұрақты әуе қатынасы іске қосылады. Әуежай Bombardier Q400, ATR-72 және осыған ұқсас өңірлік санаттағы әуе кемелерін қабылдай алады.

Бұл жоба – өңірдің курорттық аймақтарында үш жаңа әуежай салуды көздейтін ауқымды бастаманың бір бөлігі. Оның аясында Катонқарағай мен Маңғыстау облысындағы Кендірліде де нысандар бой көтеруде.

Құрылыстың барысымен облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров танысты. Аймақ басшысы нысанды мерзімінде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

«Ұшу-қону жолағы толық аяқталды. Жұмысшылар жеткілікті, жалақы уақытында төленуде. Бұйырса маусым айында орта қашықтыққа ұшатын әуе кемелерін қабылдаймыз. Терминал бір мезетте 150 жолаушыға қызмет көрсете алады. Көрші елдермен әуе рейстері ашылып, өңірге шетелдік туристерді тартуға жол ашылады», – деді облыс әкімі.

Халықаралық бағыттары бар әуежай іске қосылғанда, шекарадағы Зайсан ауданының келбеті қысқа мерзімде өзгеріп, өңірдің туристік әлеуеті айтарлықтай арта түспек.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар