Елін жауынан, дұшпанынан тек «жалаңаш барып жауға тиер» ер ғана қорғай алады деген түйін жасайды. Ақын жақсы деген не, жаман деген не; ізгілік, парасаттылық неде, адамгершілік қасиет адамның қандай әрекеті, қылық – мінезінен көрінеді, міне осы тақырыпта жыр-толғаған.
Ақын өз ойын жақсы мен жаманды, жарық пен күңгіртті салыстыра өрнектейді.
Бір жақсымен дос болсаң
Азбас-тозбас мүлкі етер.
Бір жаманмен дос болсаң
Күндердің күні болғанда,
Бүкіл елге күлкі етер.
Демек ақын пиғылы жаман жаннан без, аулақ бол деген ғибрат айтады. Жырау ел билейтін басшының қауым, әлеумет өміріндегі орнын да дұрыс бағалай білген. Ал сол ел билейтін адам қандай болуы керек дегенге, жырау « ғаділ төре, ел бастар» деп ел тағдыры, әділ басшыға байланысты деп даналық ой түйген.
Өмір диалектикасын терең пайымдаған жырау «Қоғалы көлдер, қом сулар» толғауында дүние үнемі өзгерісте болатынын, өмірдің бір қалыпта тұрмайтындығын айтып, «мынау жалған дүние кімдерден кейін қалмаған» деп болашақ ұрпаққа өмірден аларыңды алып, береріңді беріп қал деген ой айтады.