Қазақстанда цифрлық теңсіздік мәселесі әлі де өзекті: әсіресе шалғай әрі шағын елді мекендерде интернет сапасы білім, жұмыс және цифрлық қызметтерге қолжетімділікке тікелей әсер етеді. Осы бағытта қазақстандық жетекші ұялы баланыс операторы Kcell ауылдық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен күшейтіп, қамту географиясын кеңейтуге күш салып келеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Kcell халқы 250 адамнан асатын ауылдарды мобильді кең жолақты интернетпен қамтуға бағытталған «250+» жобасы аясында жұмыстарды жалғастырып отыр. Жобаның мақсаты – ауылдық аумақтарда жоғары жылдамдықты байланысқа қолжетімділікті арттыру және цифрлық теңсіздікті қысқарту.
Компания дерегіне сәйкес, 2025 жылы «250+» жобасы аясында 131 елді мекен байланыспен қамтылған. Олардың арасында Түркістан, Ақтөбе, Алматы және Батыс Қазақстан облысы көш бастап тұр. Жаңа базалық станциялар негізінен 4G (LTE) технологиясына сүйенеді. 4G-дің ауылдық жерлер үшін практикалық мәні «тек жылдамдықпен» шектелмейді: тұрақты интернет қашықтан оқу, онлайн және мемлекеттік қызметтерді пайдалану және күнделікті коммуникация сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Интернет сапасы артқан сайын ауылдағы цифрлық мінез-құлық та өзгереді: жергілікті тұрғындар қашықтан жұмыс, онлайн-сауда, қаржылық сервистер сияқты құралдарды жиірек қолдана бастайды. Бұл, өз кезегінде, шағын және орта бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашып, қызмет көрсетудің цифрлық форматқа көшуін жылдамдатуы мүмкін.
Kcell ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз етіп қана қоймай, тариф бағасын көтермеген жалғыз оператор ретінде халық сеніміне ие болып отыр.
Ауылдағы сапалы интернет – байланыс мәселесі ғана емес, өмір сапасы мен экономикалық мүмкіндіктердің факторы. Тұрақты мобильді интернет ауыл тұрғындарына уақыт пен шығынды қысқартып, қызметтерге қолжетімділікті жеңілдетеді, ал кәсіпкерлік үшін жаңа нарық пен клиентке шығудың жолын ашады. Осы тұрғыдан алғанда ауыл инфрақұрылымына салынған әр қадам өңірлердің дамуына тікелей әсер етеді.
