Егер студенттің шетелдегі банктік шоттарында 2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша жалпы сомасы 3,9 миллион теңгеден асатын қаражат болса, ол 2026 жылғы 15 қыркүйекке дейін декларация тапсыруы тиіс, деп хабарлайды dalanews.kz.
Талап шетелдегі барлық шоттардағы қалдықтарға қатысты қолданылады. Яғни банк картасындағы қаражат, шәкіртақыдан жиналған ақша және жинақтар біріктіріліп есептеледі.
Сондай-ақ студенттің шетелде пәтері, автокөлігі, компаниядағы үлесі, бағалы қағаздары немесе цифрлық активтері болса, декларация тапсыру міндетті. Бұдан бөлек, егер ол 2025 жылы құны 78,64 миллион теңгеден асатын мүлік сатып алған болса да декларация ұсынуы қажет.
Ал шетелде білім алу фактісінің өзі немесе шәкіртақы алу декларация тапсыруға негіз болып саналмайды. Яғни жоғарыда аталған талаптардың ешқайсысы болмаса, студентке декларация тапсырудың қажеті жоқ.
Егер декларация нәтижесінде салық төлеу міндеттемесі туындаса, оны 2026 жылғы 25 қыркүйекке дейін төлеу қажет.