Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха жолдардағы бейнебақылау камераларын ұсынатын «Сергек» компаниясын араб компаниясына ауыстыру мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Артықшылығы мынада – бірыңғай техникалық талаптар белгіленген. Жұмысқа рұқсат етілетін барлық камералар осы бірыңғай техникалық талаптарға сай болуы керек», – деді ІІМ орынбасары.
Қалғаны, оның айтуынша, әкімдіктің кіммен жұмыс істейтініне және кімнің шарттары тиімді екеніне байланысты қабылданатын шешім.
Еске салайық, бұған дейін “Sergek” Астанадан кетіп, бейнебақылау жүйесін енді БАӘ компаниясы басқаратынын хабарлаған едік.
Мәслихат депутаттары жаңа оператор ретінде Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) Presignt компаниясын бекітті. Ол алдағы бес жылда қаладағы бейнебақылау жүйесін басқаратын болады.
Presignt компаниясы 2025-2030 жылдар аралығында Астанадағы жаңа “Smart City” жобасын іске асыруға кіріседі. Жоба құны 53 миллиард теңге, бұл қаржы толықтай жеке инвестор есебінен жұмсалады. Жобада қазақстандық компаниялардың үлесі 60% болмақ.
Жаңа оператор өз қаражаты есебінен бейнебақылау инфрақұрылымын жаңғыртып, қауіпсіздікті күшейтуге міндеттеледі. Компания келісімшарт бойынша төлемдерді тек жобаны толық іске қосқаннан кейін ғана алады.