Семейде соққыға жығылған бала бокс үйрене бастады

Сағыныш Сардарова 01 нау. 2025 11:59 1770

Семей қаласында бұзақылардың әрекетінен зардап шеккен 11 жастағы балаға ҚР Ішкі істер министрлігінің «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы қолдау көрсетті, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

ІІМ мәліметінше, Семей қаласындағы бұзақылық оқиғасы қазақстандықтарды бей-жай қалдырмады, қоғамның жаппай қолдауының арқасында мектеп оқушысы мен оның отбасы жалғыз емес екенін сезінді.

"Бұл іске полиция ведомствосының басшылығы ерекше мән беріп, тергеуді жеке бақылауына алды. Жасөспірімнің болашағына алаңдаушылық білдірген ҚР Ішкі істер министрлігінің «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы оны өз қамқорлығына алып, спорт арқылы жігерлендірмек. Динамолықтар балаға тәлімгерлік көрсетіп, сенімділігін нығайтуға, өзін қорғай білуге үйретуді мақсат тұтып отыр", - деп жазылған мәліметте.

Абай облысы Полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтан Семейдегі «Динамо» спорт кешенінде жасөспірімді қарсы алып, оған жас спортшылармен бірге залды аралатып, жаттығу процесін таныстырды.

"Оқушы өзін ешқашан жалғыз сезінбеуі үшін бар күшімізді саламыз. Спорт тек денені шынықтыру ғана емес, ол мінезді қалыптастырып, қиындықтарды жеңуге үйретеді. Ең бастысы – спорттық орта нағыз отбасы сияқты, сенімді тірек бола алады", – деп атап өтті департамент басшысы.

Бала боксшылардың жаттығуын қызығушылықпен тамашалаған. Бұл спорт түрі оған бұрыннан ұнайтынын айтқан жасөспірім енді «Динамо» мамандандырылған жаттықтырушыларының жетекшілігімен тегін жаттығу мүмкіндігіне ие болды. Сол күні-ақ ол алғашқы соққысын бокс грушаға бағыттап, өз күшін сынап көрді. 

Бұған дейінгі оқиға

Бұған дейін Абай облысының полициясы қылмыстық іс қозғаған болатын. Бұл оқиға әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Семейде арнайы комиссия осы оқиғаға байланысты шешім шығарды. Қазір бұл іске қатысты материалдар сотқа жолданды. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі сот жасөспірімдер мамандандырылған мекемеде қанша уақыт болатынын анықтап, ата-ана құқығынан айыру мәселесі бойынша түпкілікті шешім шығарады.

Сондай-ақ, қазақстандықтар Семейде соққыға жығылған оқушының отбасына 24 млн теңге жинап берді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар