Семейде Ресейдің қатысуынсыз ЖЭО-3 құрылысы басталды

Көркем Алдабергенова 16 сәу. 2026 15:56

Абай облысында энергетикалық инфрақұрылымды дамыту аясында Семей қаласында жаңа жылу электр орталығы – ЖЭО-3 құрылысы қолға алынды. Нысан Ресейдің қатысуынсыз жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Самұрық-Қазына» қорының басшысы Нұрлан Жақыпов пен Абай облысының әкімі Берік Уәли Степной кентіндегі құрылыс алаңына барып, жобаның басталу барысымен танысты. Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың сәуір айында басталған, ал станцияны іске қосу 2029 жылдың желтоқсанына жоспарланған.

Жоба параметрлеріне сәйкес, станцияның электр қуаты 405 МВт, ал жылу қуаты сағатына 1000 Гкал болады. Отын ретінде Қаражыра кен орнының көмірі пайдаланылады. Нысанда әрқайсысының өнімділігі сағатына 650 тонна болатын 4 бу қазандығы және қуаты 135 МВт-тан 3 турбогенератор орнатылады. Жалпы аумағы шамамен 190 гектарды қамтиды.

Энергетика министрлігі мен «Семей Энерго» ЖШС арасында жоба бойынша келісімшарт 2025 жылдың қазан айында жасалған. Ал 2026 жылдың қаңтарында жобалау және құрылыс жұмыстарын қамтитын EPC-келісім бекітілген.

Берік Уәли жаңа ЖЭО-3 өңірдегі энергия тапшылығын жойып, тұрғындарды тұрақты жылумен қамтамасыз ететінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жоба Семей үшін аса маңызды инфрақұрылымдық шешімдердің бірі.

Өз кезегінде Нұрлан Жақыпов нысанды стратегиялық жоба деп атап, мұнда «таза көмір» технологиялары мен зиянды шығарындыларды азайтатын газ тазарту жүйелері енгізілетінін айтты.

Қазіргі таңда Семейдің сол жағалауында 2 жылу көзі жұмыс істесе, оң жағалауында 18 жылу көзі бар.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove