Семейде өткен велошеруге Нидерланд елшісі белсене қатысты

Dalanews 18 қыр. 2023 12:09 340

Бүгін Семейде қала күніне орай «BeNeLux велотур» велошеруі өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Семей қаласы әкімдігі велошеруді өткізуге Нидерланд Корольдігінің Қазақстандағы Елшісі Андре Карценс бастамашы болғанын алға тартты. Елшінің өзі облыс орталығын велосипедпен аралап, спорттық шараға қолдау көрсеткен. Естеріңізге саламыз, мұндай жарыстар Астана, Алматы және Ақтөбе қалаларында да өткен болатын.

Спорттық жарысқа 500-ге жуық велошабандоз қатысты. Велошерудің басты мақсаты Семей қаласында велоспортты дамыту.



– Қала күні аясында қаламызда осындай айтулы велошерудің өтіп жатқаны бәріміз үшін үлкен қуаныш. Әрқашан жаңа белестерді бағындырып, биік жетістіктерге жетулеріңізге тілектеспін! – деді қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов.


Жарысқа қатысушылар Семей қаласының Орталық алаңнан Селевина көшесіне дейін 10 шақырым жол жүріп өтті. Шара барысында қатысушылар арасында ұтыс ойындары ұйымдастырылды.



Сонымен қатар, Ертіс өзенінің оң жағалауында қаланың кондитерлері тәтті торт әзірлеп, жұртшылыққа ұсынды. Торттың ұзындығы 20 метрден асады. Тортты кондитерлер бірге қала тұрғындары да безендіргенін айта кетуіміз керек.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар