Семей қаласының Восход кентіндегі Бауыржан Момышұлы атындағы №34 мектеп жаңа оқу жылын апатты жағдайда қарсы алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
HALYQSTAN telegram-арнасының мәліметінше, білім ошағының дәлізіндегі төбеден су сорғалап, едендерді су басуда. Мектеп қызметкерлері шелек қойып әлек, бірақ мәселе шешілер емес.
"Балаларымыз апатты мектепте оқып жатыр. Ылғалдан ауырады. Алла сақтасын, тайып құлап, жарақат алса қайтеміз?!" – дейді ата-аналардың бірі.
Қалалық әкімдік мектеп шатырына толық жөндеу қажет екенін мәлімдеді. Жобалық-сметалық құжаттама 2024 жылдың қыркүйегінде әзірленіп, сараптамадан өткен. Білім бөлімі 2025 жылға қаржы бөлуге өтінім бергенімен, әлі қаражат бөлінбеген.
Қазіргі уақытта мектептің үш сыныбында, дәлізінде және спорт залындағы төбеден су ағуда. Бұл жағдай оқушыларды екінші ауысымға көшуге мәжбүрлеген.
Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі әзірге тек уақытша герметизациялау жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ал толық жөндеу 2026 жылғы реновация бағдарламасына ғана енгізілген. Осылайша, балалардың кемінде тағы бір жыл апатты ғимаратта оқуына тура келеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов 1 қыркүйекке дейін елдегі мектептердің жөндеу жұмыстарын аяқтауды тапсырған. Ол Алматы, Абай және Ұлытау облыстары мен Батыс Қазақстан, Алматы, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарындағы 34 мектепте жұмыс қарқынының баяулығын сынға алған болатын.
Ал Білім министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, Қазақстанда әлі де 1000-нан астам мектепке күрделі жөндеу қажет.