Жаңа нысанның ашылуына қатысқан Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовтің өзі де көпшілікпен бірге кіріп, ондағы дәрі-дәрмектер бағасымен танысты. Айта кетерлігі сол, әлеуметтік дәріханадағы медициналық препараттар мен дәрі бағасы қаланың өзге дәріханаларымен салыстырғанда 12-15 пайызға төмен.
- Салауатты өмір салтын қалыптастыру, халық денсаулығын оңалту жайын Елбасымыз жыл сайынғы Жолдауында, Үкіметтің алқа мәжілісінде үнемі назар аударып отырады. Ал қазіргідей дағдарыс жағдайында қала тұрғындарын сапалы әрі төмен бағадағы дәрі-дәрмектермен қамтудың өте қажеттігі де күн сайын біліне түсуде. Осы орайда, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде Цемпоселок кентінен әлеуметтік дәріхана ашуды жөн көрдім. Өйткені, бірінші кезекте денсаулығы күнделікті күтімге зәру зейнеткерлер мен қарапайым еңбеккерлер үшін бұл ауадай қажет. Бұл аумақта тұратын зейнеткерлердің аз еместігін де үнемі көріп жүрмін. Бұл бір жағынан қазіргі жағдайда семейліктер үшін үлкен тарту болып отыр, - дейді Марат Серікжанұлы.
Жаңа дәріханада медициналық тауар түрлерін сақтаудың барлық шарттары ескерілген. Дәрі-дәрмектерді белгілі бер температурада сақтайтын арнайы орындар бар. Сондай-ақ мұнда жақпамайлардан бастап фитотерапия өнімдері және қабынуға қарсы қолданылатын дәрілік заттар ассортименті, иммунитет жоғарылататын дәрумендер мен сироптардың сан түрі бар.
Әлеуметтік дәріханаға дәрі-дәрмек жеткізумен «Аманат» ЖШС айналысады. Бас кеңсесі Қарағанды қаласында орналасқан фирманың қаламыздағы филиалының басшысы Гүлсім Исабекованың айтуынша, дәрілік заттар Үндістан, Беларусь, Украина сынды селдердегі фармацевтикалық өндіріс орындарынан тікелей жеткізіледі.
Жиналған қауым дәріхананның ашылу сәтінде жан тағы бір игілікті істің куәсі болды. Кәсіпкер Марат Құрманбай балалардың церебральды сал ауруымен сырқаттанатын 16 жастағы Әділетке мүгедектер арбасын тарту етті. Баласын көшеде алып жүруге, үйде жайлы жерде отырғызуға үнемі қиналып жүретін Гүлнар Серікбаева үшін кәсіпкердің бұл көмегі баға жетпейтін сыйлық деуге болады. Ана басындағы қиындықты айқын түсінген азаматқа алғысы шексіз екенін айтты.
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,
Семей қаласы.