Семей қаласының тұрғыны бұрынғы «Пищевик» стадионының орнында салынып жатқан жаңа спорт кешенінің аумағынан адам сүйектерін тауып алды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әйелдің айтуынша, сүйектер құрылыс алаңында жер қазу жұмыстары басталғаннан кейін жер бетіне шыққан. Ол бұл туралы бірден жергілікті ABAI NEWS редакциясына хабарлаған.
Оқиға орнына барғаннан кейін қала әкімдігі құрылыс жұмыстарын уақытша тоқтатты. Аумаққа полиция қызметкерлері шақырылып, табылған сүйектер сот-криминалистикалық сараптамаға жіберілетіні белгілі болды.
Құзырлы органдар барлық процессуалдық шараларды аяқтап, тиісті рұқсат бергеннен кейін ғана құрылыс жұмыстары қайта жалғасады.
Әлеуметтік желі қолданушылары адам сүйектерін байқап, дер кезінде хабарлаған тұрғынға алғыс айтып, оның қырағылығын жоғары бағалады. Көпшілік мұндай сүйектердің адамға тиесілі екенін өздері бірден ажырата алмас еді деген пікір қалдырған.