Саиров ауыл тұрғындарына арналған жеңілдетілген ипотека ашуды ұсынды

Сағыныш Сардарова 21 мам. 2025 15:56

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров ауыл тұрғындарына арналған жеңілдетілген ипотека ашуды ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутат вице-премьер Серік Жұманғаринге сауал жолдады. Саиров Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Отбасы банктің" қызметін қайта қарау керек. Басты назарды облыс орталықтарына емес, аудандарға, моноқалаларға және ауылдарға аударған жөн" деп нақты бағдар бергенін еске салды.

"Бүгінде ауылдық аудандар мен моноқалаларда 8,7 млн адам тұрады, бұл Қазақстан халқының 43 %-ы болады. Ал  тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейі қалаларда  26,9 шаршы метр болса, ауылдарда бір адамға шаққанда небәрі  20,7 шаршы метр болып отыр.2025 жылдың басында ауылдарда 9 мыңнан астам адам тұратын 1200 авариялық үй, моноқалаларда 2,3 мың адам тұратын 76 авариялық үй болды", - деді депутат.

2022-2024 жылдары жаңа тұрғын үйдің тек 20 %-ы ауылдық жерлерде пайдалануға берілген.

"Мұндай диспропорция ең алдымен ауыл тұрғындары үшін ипотекалық, Отбасы банкі өнімдерінің қолжетімсіздігімен және халықтың хабардар болу деңгейі төмен болуына байланысты. Отбасы банктің консультациялық орталықтары тек  4 моноқалада және 5 шағын қалада жұмыс істейді, ауылдар мен аудандардың көп бөлігінде мүлдем жұмыс істемейді", - деді ол.

Депутаттың пікірінше, Отбасы банктің қызметін "аудан орталықтарына, моноқалаларға, ауылға бұру" туралы Президенттің тапсырмасы нақты іске асыру тетіктерінсіз қалған.

Ерлан Саиров ауылға бейімделген ипотекалық өнімдерді әзірлеуді ұсынды:

"Ауылдар, моноқалалар және шағын қалалар тұрғындары үшін төмендетілген мөлшерлемесі 5 %-ға дейін және ең төменгі бастапқы жарнасы 10%-дан бастап  жеңілдікті ипотекалық өнімдер жасау қажет. Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттары үшін мөлшерлемелерді субсидиялауды қамтамасыз ету керек", - деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар