Сайлау? Президент уәдесін орындаған жоқ - Қажыгелдин қатты ашынды

Dalanews 12 қаң. 2021 10:40 1155

"Настоящее время" телеарнасына сұхбат берген Қазақстанның экс-премьері Әкежан Қажыгелдин Мәжіліс және Мәслихат сайлауына қатысты ойын ортаға салды деп хабарлайды Dalanews.kz. 

1994-1997 жылдары Қазақстан үкіметін басқарған Қажыгелдин Парламент сайлауы әділетсіз өтті деп санайды. Оның пайымдауынша билік әлі де болса Назарбаевтың қолында, ал Тоқаев Тұңғыш президенттің қолындағы құрал ғана. 

1998 жылы Қазақстанды тастап, Еуропаға кеткен Қажыгелдин соңғы 20 жыл бойы Лондонда тұрады. Сайлауды сырттай бақылаған ол осынау науқандағы кемшіліктерді жіпке тізген екен.

"Бүгінгі болып жатқан жағдай үйренішті, күтілген жайт. Алматыдағы оқиғалар (митингіні меңзеп тұр, ред.) халықтың билікке деген наразылығы үдеп жатқанын дәлелдеді. Бұл да жаңалық емес. Ең басты жаңалық, бұдан былай мұның бәріне Назарбаев пен Тоқаев бірігіп жауап берді.

Сайлаудағы сорақылықтар Тоқаевтың саяси биографиясына өшпестей болып таңбаланды. 


Ол (Тоқаев, ред) осыдан 19 ай бұрын елге берген уәдесін сол күйі орындаған жоқ. Орындай алмай өтетін түрі бар, себебі осы 19 ай бойына оның құзіретін тұс-тұстан шектеп келді. Сайлау өтерден екі күн бұрын Тоқаевты тағы да тежеп тастады", – дейді Қажыгелдин. 

Оның пікірінше халық Қазақстанның тарихын өз қолымен жазуы тиіс. Қырғызстан, Грузия, Украина сынды мемлекеттер  еркіндік үшін күресе білді. Қазақстан азаматтары да билікті өз қолына алып, жүйені өзгертуі тиіс. Себебі жоғарыда отырғандардың бірде-бірі бұған құлықты емес. 

"Осыдан 19 ай бұрын саяси реформа жүргізем деп ант-су ішкен Тоқаев сөзінен тайқып кетті. "Елдің уәжіне құлақ асатын мемлекет" қағидасы сөз жүзінде қалды. Дәл қазір елдегі ахуал қандай екенін білесіз бе? Білмесеңіз айтайын. 

Бірнәрсені шегелеп жатып, қолыңыз тайып кеткенде алдымен саусағыңызды жарақаттайсыз, сол кезде балғаны қабырғаға сілтеп қаласыз. Дәл қазір Тоқаев пен Үкімет Назарбаевтың қолындағы балғаның рөлін атқарып отыр!

Билік кризисті еңсере алмады. Пандемияны тоқтата алмады. Халық қырылып жатыр. Сөз бостандығы, еркіндік дегеніңіз атымен жоқ. Тоқаевтың үні естілмейді. Ол тасада қалды. Тоқаев атқарушы биліктің басшысы емес, қатардағы көп шенеуніктің бірі болып қалды",  – дейді ол.

Қажыгелдин бұл жолғы сайлауға Жанболат Мамайдың партиясын өткізбей қойған билік әрекетін сынға алды. Оның атап өткеніндей сайлау ешбір бәсекесіз, сүреңсіз жағдайда өткен. Саяси реформа жүргізуге уәде берген Тоқаев Мамайдың партиясын тіркеуге жүрегі дауаламаған. 


"Осы күнге дейін президент өзінің көмекшілері мен кеңесшілері арқылы саяси өзгерістер әне-міне басталардай елді елегізітіп келді. Шынтуайында келгенде Қазақстанның демократиялық партиясын тіркеуге алып, сайлауға қатыстыруға дәті бармады. Мамайдың партиясы бүгінгі жүйеге нағыз оппозиция еді. Елдегі ешбір партия бүгінгі билікті құлатып, саяси жүйені ауыстыруды көздемейді. Өзгелері клондар...", – дейді экс-премьер. 

Қажыгелдин Демпартиядан бөлек, тіркелмеген "Көше" партиясын да тілге тиек еткен екен. Оның пікірінше бұл ұйымның сапына өткен қазақстандықтар жүйенің әңгіртаяғынан жасқанбайды. Тәуекелге бел буып, әрекет етуге әзір отыр. 

"Мұндай ұйымдарды тіркегісі жоқ билік елдегі шынайы оппозициядан үрейі ұшады. Жыл өткен сайын халықтың протестік көңіл-күйі күшейіп, үдеп келеді.

Биліктің қолымен құрылған партиялар сайлауда қанша пайыз дауыс жинарын күні бұрын білген. Бұл "Ақжол" партиясына да қатысты. Мәселен Перуашев сайлаудың нәтижесін сіз бен бізден бұрын естіген. Сондықтан мұндай мәліметке жүрегі ауырмайды.   

Билік қай партияға қанша үлес берерін әлдеқашан жазып-сызып қойған. Әміршіл, әкімшіл жүйенің бұйрығымен жасалады мұның бәрі. Кімге қанша береді, сонша алады. Бұл ешқандай да демократия емес!", – дейді Қажыгелдин. 

Оның пайымдағанындай билік осылай әрекет етуге әбден әдеттеніп алған. Халық көшеге шығып, наразылық танытпағанда "Нұр Отанға" 80 пайызды теліп жіберер еді. Сондықтан алдымен билікке жақын институт арқылы әлеуметтік сауалнама жүргізіп, елдің тамырын басып көрген. 


"Экономикалық реформаларды жүзеге асыра алмаған, індетке қарсы қауқар таныта алмаған, саяси реформа жүргізуді ертеңге шегере беретін билік партиясы қай бетімен 70 пайыз алды? Бұл біздің қоғамда билік пен халықтың арасы өте-мөте алшақтап кеткенін аңғартады. Билік өз бетімен, халық өз бетімен күн кешіп жатыр. 

Әйтсе де аздаған үміт бар. Жаңа буын саясаткерлер өсіп келеді. Олар мына жүйемен ымыраға келмейді деп сенемін. Сөйтіп күндердің-күні билікті біржолата ауыстырамыз. Қазақ оппозициясы көшеде қалыптасады. Бүгінгі бақылаушылар ертең елді өзгертеді. Олар жаңа технологияны жетік меңгерген. Өз басым осыған қуанамын", – дейді Қажыгелдин. 

Экс-премьер Қазақстанға жаңа Конституция керегін айтады. Жаңа Ата заңға сәйкес жаңа президент сайлауы өтуі керек. 

"Әлбетте жүйе өзгермей мұны жүзеге асыра алмаймыз. Бұған қолымыз жеткен күні Қазақстанда мерзімінен бұрын президент сайлауы өтеді. 

Дәл қазір халықтың Тоқаев-Назарбаев билігін қабылдаудан өзге жолы жоқ. Елдің болашағы осы екеуінің атымен байланысып тұр. Алайда өсіп келе жатқан жаңа көшбасшылар бұрынғыларға қарағанда батыл, мінезді болады", – дейді Әкежан Қажыгелдин.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ 


https://www.youtube.com/watch?v=KdWC-3sLBGg

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар