– Мұрат аға, өткен ғасырдың 70-жылдарында Алматыдағы көптеген зиялы қауым өкілдері, ғалымдар өз балаларын «болашағы бар» деп орыс мектептеріне беретін. Бір қызығы, сіз бұл «көшке» ілесе қоймапсыз. Керісінше, балаңыз Саятты қазақ мектебіне берген екенсіз. Мұның мәнісі неде?
[caption id="attachment_13369" align="alignright" width="406"] Отбасылық сурет[/caption]
– Міне, мынау үйдің іргесіндегі мектеп – орыс мектебі. Мен 1970 жылдан бері осы пәтерде тұрамын. Саят ол кезде 4-5 жаста. Ал Алматыдағы қазақ интеллигенциясына арнап ашылған жалғыз қазақ мектебі қаланың ортасында. Балаларымызды мектепке берер кезде мен қатты ойландым. Менде екі ұл болды ғой.Үлкені Қанат 1964 жылы дүниеге келген. Математика факультетін бітірген. Ол Ақмолаға Сәкен Сейфуллин атындағы пединститутқа мұғалім болып барған. Алты айдан кейін оны біреулер өлтіріп кетті. Себебі, сол күйі анықталған жоқ. Екінші ұлым Саят 1966 жылы дүние есігін ашты. Екі ұлымды мектепке берер кезде: «Балаларымды қайсы мектепке берсем болады?!» –деп қатты ойландым. Осы біз бәріміз кеңшілік уақытта түгел ұлтшылмыз. Ал жеме-жемге келгенде, нақты бір пайда келтіруге, халқымыз үшін қызмет етуге келгенде қашық тұрамыз. Қазақ тілінің мәселесі біздің заманда ең өзекті мәселе болды. Қазақстанда 700-дің үстінде қазақ мектептері жабылған. Сол мектептерді қайта ашу қиямет-қайыммен бірдей еді. Орысы өктемсіген Алматыда тіптен қиын екені түсінікті. Әбу Сәрсенбаев, Шона Смаханұлы және Әлия дейтін ұстаз Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауында болып, Алматы қаласында қазақ интеллигенциясы үшін бір қазақ мектебін ашу мәселесін қояды. Қонаев бұл кісілерге «қазақ мектебін ашамыз» деп уәде береді. Одан кейін осы үш азамат өз кезегінде зиялы қауымға келіп: «Әй, жігіттер, біз мәселенің басын аштық. Рұқсат беретін болды. Енді Сіздер бұл бастаманы қолдап, балаларыңызды қазақ мектебіне беруге талаптанбайсыздар ма? Қазақтарға балаларын қазақ мектебіне беруге үлес қостырмайсыздар ма?!» – деп айтады. Біз сосын әрқайсымыз сол азаматтарды қолдап, олардың атқарып жүрген ісін жөн деп таптық. Ал енді үлес қалай қосамыз? Барша қала халқына үгіт жұмыстарын жүргізу мүмкін емес. Онда ұлтшыл атанасың. Ауызбен орақ ормай, өз баламды құлағынан жетектеп қазақ мектебіне бергенді құп көрдім. Сөйтіп, ұлт мәселесінің шешілуіне, қазақ мектебінің ашылуына нақты үлес қосайық деп ойладым. Сол себептен мен екі баламды №12 мектепке апарып бердім. Саят 1973 жылы бірінші сыныпқа барды. Сегіз жылын сол мектептен оқыды. 9 сыныпқа келгенде мен оны О.Жәутіков атындағы физика-математика мектебіне ауыстырдым. Ал Қанатты 7-ші класқа көшкенде сол мектепке ауыстырғам. Өзім Қазақ радиосында 35 жыл жұмыс істедім. Тамам журналистердің ішінде болдым. Сонда қазақтың орысшыл болып кеткені сондай, маған кейбір азаматтар: «Сен ақымақпысың, әлде жындымысың, неге балаңды қазақ мектебіне бересің? Неге өз балаңның болашағына балта шабасың? Ертең ол қазақ мектебін бітіргеннен кейін түкке жарамайды. Далада қалады. Институтқа түсе алмайды, қоғамға керексіз адам болады» деді. Мен оларға: «Маған ең алдымен қазақтың намысы керек. Қазақ «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дейді. Ар мен намысты қазақ қоса айтады, бірінен-бірін бөлмейді. Ендеше, біз өзімізді көзі ашық адам деп санасақ, намысшыл болуымыз керек. Сол намыстың туын көтергеніміздің белгісі болсын, баламызды қазақ мектебіне берейін дедім. Ал сендердің «түкке жарамайды» деген сөздеріңнен мен секем алып тұрмын. Сендер өздерің біліңдер», – дедім.
– Балаңызды 9 сыныптан кейін О.Жәутіков атындағы физика-математика мектебіне бердім деп айттыңыз. Саят аға жаратылыстану ғылымдарына бала кезден қызықты ма?
– Саят ол мектепте де қазақша оқыды және алтын медальмен бітірді. Абай атамыз айтады ғой: «Баламды медресеге біл деп бердім, Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» деп. Мен де қызмет қылсын, шен алсын деп берген жоқпын. Ғалым болсын деп бердім. Ғылымның қай саласында болатынын өзі шешеді. Жаратылыстану, дүниетану мәселесінде математика, физика, химия, геометрия сияқты пәндердің орны ерекше. Оларды білмей, жаратылысты толық тани алмаймыз. Жаратылысты тану – жердің көлемін ғана тану емес, ғарыштық деңгейде тану. Гуманитарлық ғылыммен дүниені тану жеткіліксіз. Саяттың ғалым болуы үшін жоғарыдағы пәндердің ауадай қажет екенін түсіндім. Жан-жақты білім алу үшін негізі қалансын дедім. Халқына шын білімдарлығымен қызмет ететін адам болса екен деп армандадым.
– Ол кісі қысқа мерзім ішінде үлкен белестерді бағындыры деп естиміз. Білуімізше, Саят аға 30 жасқа жетпей кандидаттық және докторлық диссертацияларды қорғап үлгеріпті...
– Саят 1983 жылы Мәскеудегі М.Ломоносов атындағы университеттің Механика-математика факультетіне оқуға түсіп, 1988 жылы қызыл дипломмен бітірді. Сонан соң ол менен: «Мұндағылар мені аспирантураға қалдырғысы келіп отыр. Мәскеуде қалсам қалай қарайсыз?» – деп сұрады. Мен: «Балам, ағаңнан ерте айырылдым. Сен менен жырақта жүре берсең, сенен де айырылып қалам ба деп қорқамын. Қалуым керек, қалмасам болмайды десең рұқсат берем. Ал мүмкін болса, Алматыдағы университетте де аспирантура бар ғой. Соған түссең де болады», – деп едім, балам үндемей қалды. Ары ойланып, бері ойланып, ақыры осында келді. Алматыға келгеннен кейін, әл-Фараби атындағы университетте робот құрастырумен айналысып, бір жыл жұмыс істеді. Одан кейін Механика институтына аспирантураға түсті. Онда Өмірбек Жолдасбековтің шәкірті болды. Аспирантураны орталап қалғанда заман бұзылды. Ғалымдардың барлығы тұрмыстың қамымен базарға кетіп, алыпсатарлықпен жапа-тармағай шұғылданды. Олардың жалақысы түкке тұрмай, болымсыз болып қалды. Бала-шағасын асырай алмайтындай деңгейде болды. Ғылымның қадірі кетті. Аспирантура үш жыл еді. Саяттың оқығанына бір жарым жылдай болып қалған. Бір күні менің балам да: «Жағдай өзгерді. Мен де ғылымды тастамасам болмайды. Қашанғы сіздерге арқа сүйеймін. Бала-шағамды өзім асырауым керек қой. Мен түгілі докторлар мен академиктер де заманның ыңғайына қарай, саудаға, нарыққа ойысып жатыр», – деді. Мен: «Әй, балам, аспирантураны бастап, ортасына дейін әкелдің ғой. Бастаған істі соңына дейін жеткізіп үйрену керек. Аяқтамасаң өзіңе, өзіңнің арыңа сын. Кейін аяқсыз қалдырғаныңа өкініп, өзіңді өзің сөгуің мүмкін. Сен одан да былай істе. Институт директорының атына өтініш жазып, аспирантураны бір жарым жыл оқығаныңды, кандидаттық диссертацияң қорғауға дайын тұрғандығын айт. Соны қорғауға рұқсат сұра», – дедім. «Олай бола ма?» – дейді. «Әрине, болады. Диссертацияң жүз пайыз дайын ғой?». «Дайын». «Онда бер өтінішті». Өтінішті бергеннен кейін «Қорғауға болады екен», – деп келді. Ұмытпасам, бұл көктемнің сәуір айы болатын. Институттағылар: «Қай айда қорғайсың?» – десе, Саят: «Мамыр айы», – депті. Ақыры сол айда ол кандидаттық диссертациясын қорғап шықты. Елдің бәрі жақсы қорғағанын айтып, мақтап жүрді. Жетекшісі Ө.Жолдасбеков разылығын білдіріп, Саятымды ы көзінше алқапты. Ол кезде Саят 26 жаста болатын. Сосын оған: «Рақмет саған. Бастап қойған шаруаңды аяқтадың – бір. Менің тілімді алдың – екі. Ғылым кандидаты болдың – үш. Ал, енді барғың келген салаға бара бер. Құдай жолыңды оң қылсын», – дедім. Ол: «Маған енді біраз ойлануға мұрсат беріңіз», – деді. «Не үшін?» – десем, «Енді бір ай уақыт беріңізші, ары қарай не істейтінімді сосын айтам», – дейді. Ол кезде мен Қазақ радиосында, шешесі мектеп-интернатта жұмыс істейтін. Бір ай да өтті. Саят: «Сіз бір істі бастағаннан кейін соңына дейін жеткізу керек деп едіңіз ғой. Мен енді докторантураға барсам деп отырмын. Осы ет қызумен докторлықты да қорғап тастасам деген ойға келіп отырмын», – деді. «Дұрыс ойға келгенсің. Тәуекел ет. Сен сияқты жас жігіттерге тәуекелшіл болған жарасады. Алайда, саған 3 жыл уақыт беремін. Сенің жасыңда үш жылда талай жұмысты бітіруге болады. Мысалы, атақты ғалым А.Сахаров 26 жасында кандидаттық қорғап, оған сол кезде кандидаттықпен бірге докторлық атақ та берген», – дедім. Бұдан бөлек жас кезінде атағы шыққан көптеген ғалымдар мен зиялылар туралы мысалдар айтып бердім. Жастығыңа сеніп, өмірім әлі алда ғой деп жүріп алма дедім. Қалай келістік, солай болды. Ол 29 жасында докторлық диссертациясын қорғады. Бұл жолы да жетекшісі Ө.Жолдасбеков болды. Бұл жолы ол Саятты тіпті керемет мақтады. Баламды жер-көкке сыйғызбады. Мен өзім оның қорғау жұмысына қатыспадым. Қатыспаған себебім, кейде адамдарды адамдардың мысы жеңеді. Ол енді менің балам ғой. Үнемі оған ақыл-кеңес айтып жүрген адаммын. Бір нәрсеге себепші болып жүрмейінші деп бармай қалдым. Еркін тұрып, ашылып сөйлесін дедім. Докторлықты қорғағаннан кейін: «Не істейсің, осы жолды жалғастыра бересің бе, әлде басқа салаға кетуді әлі ойлап жүрсің бе?» – деп сұрадым. Ол: «Жоқ, осы жолды жалғастыра беремін», – деді. 1998 жылы ол маған бір конкурсқа қатысайын деп жүргенін айтты. Сөйтсем, Гумбольдт атындағы сыйлықты алуды көздеп жүр екен. Ол сыйлықты жеңіп алған адамға Германияда екі жыл оқып қайтуға мүмкіндік беріледі екен. Оған да қатысып, грантын жеңіп алды. 1998 жылы Германияға кетіп, 2000 жылы елге қайта келді.
– Сол жылдары көп ғалымдар шетелге асты ғой. Көбісі сол жаққа отбасымен кетіп, сонда қалып қойды. Саят ағаның басқалар сияқты қалып қоймай, елге оралуына не себеп болды?
– Мен өзім оған елге келе ғой деп айтқан жоқпын. Себебі, ол кезде Қазақстанның жағдайымен жақсы таныспын. Ол ғылым адамы болғандықтан, ғылыммен айналысу үшін де жағдай керек. «Бұл жаққа келгің келсе, өзің біл. Келмеймін десең, қарсы емеспін. Ғылыми жұмыстарың әлі бітпей тұрса, жалғастыру керек болса, сол жақта қал», – дедім. Ал шешесі болса: «Мен сенсіз тұра алмаймын. Сені сағынамын. Жұмысың бітсе, тезірек елге қайт», – деп хат жазып жіберіпті. Шешенің аты шеше ғой. Балам анасының сөзін жерге тастай алмай елге оралды. Бұл жаққа келгеннен кейін, оны Канадаға, Финляндияға, Францияға, тағы басқа елдерге жұмысқа шақырды. Әсіресе, Канада мен Финляндия қадалып тұрып алды. Бірақ өзі елге келген соң маған «ит тойған жеріне, ер туған жеріне» деген мақалды айтты. Мен оның енді ғана азат болған елімізге қызмет етуге бел буғанын сөзсіз ұқтым.
– Саят ағамыз баспасөзде берген сұхбаттарында Абай, Шәкәрім, Мәшһүр-Жүсіп өлеңдерін мысалға көптеп келтіреді. Бір қарағанда техника ғылымдары докторының Абай, Шәкәрім өлеңдерін, философиясын талдауы таңғаларлық жағдай. Ғалым ағамыздың Абайға келуіне Сіз әсер еттіңіз бе, әлде Құнанбай әулетімен сіздің ата-бабаларыңыздың араласуы әсер етті ме?
– Атақонысымыз – Шыңғыстау. Орта мектепті Абай ауылында тәмамдадым. Мені Абайға махаббаттандырған, бала күнімізден Абайдың өлеңдерін жаттап, қара сөздерін оқып талдауға баулыған – жазушы Кәмен Оразалин. Ол кісі біздің мектепте қазақ әдебиетінен сабақ берді. Оқушыларға Абайдың өлеңдерін жаттатып, жарыстыратын. Мен Абай өлеңдерін жақсы оқитынмын, мәнерлеп айтуға құмар болдым. Алматыға оқуға келген кезде Абай өлеңдеріне деген құмарлығым одан әрі арта түсті. Менің ән шығара-тұғын тағы бір әдетім бар еді. Алматыдағы музыка училищесін бітірдім, одан кейін консерваторияға келдім. Музыкамен айналысып жүргенде Абай сөздеріне ән жазып, романстар шығардым. Соған қарағанда Абайдың өлеңдерін жатқа айту, мәнерлеп оқу Саятқа менен келген болуы керек.
Саяттың Абайға аңсарының аууына тағы бір жайт себеп болған сияқты. Саят 10 класты алтын медальмен бітірді. Сосын Мәскеуге оқуға баратын болып келістік. Мен Мәскеуге өзім апарып келдім. Менде Абайдың 1 томдық Мұхтар Әуезовтің алғысөзімен 1960 жылдары шыққан сары түсті жинағы бар еді. Бұдан бөлек, Ғылым академиясы шығарған екі томдық жасыл түсті жинақ бар. Мен академия шығарған жинақты өзім алып қалдым да, сары жинақты шабаданына салып бердім. Себебі, сары жинақта Абай өлеңдеріне түсіндірме бар болатын. Мен: «Саят, мен саған анда-санда ақыл айтып тұрушы едім. Енді мен елде қалып барам, бұдан былай саған айтатын ақылды осы Абай атаңа тапсырамын. Осы кітапты шабаданыңа салайын, өзіңмен бірге Мәскеуге алып кет. Ары қарай не істейсің, өзің білесің. Мен бұл кітапты жатқа білем. Сенің де білуің керек. Адастырмас жол осы кітапта. Саған ақыл-кеңес керек болғанда, саған Абайдан артық ақыл айтар адам табыла қоюы екіталай. Академиктердің ортасына бара жатырсың ғой. Олар саған мамандығың бойынша білім берер. Ал нақты өмір туралы ақыл-кеңеске шөлдеген уақыттарда осы сары кітаптан сусындайсың», – дедім. Сол кітапты 5 жылдан соң, Мәскеуден оқудан келгеннен кейін өзіме қайтарды. Сондықтан ол Абайға сол МГУ-де оқып жүргенде махаббаттанған, құмарланған сияқты. Үйде екеуміз кейде Абай өлеңдерін айтып жарысып кетеміз. Ол айтып келе жатып мүдірсе, мен қосып жіберемін. Мен мүдірсем, ол жалғап әкетеді. Міне, Абайды тануда, ашықтауда сондай деңгейге жеттік. Абайтану мәдениеті қалыптасты. Осы күні сол мәдениет біздің үйдің балаларының бәрінде бар.
Әңгімелескен Сұлтан ТАЙҒАРИН