Сауран ауданында Nur Otan партиясының филиалы ашылып, төрағасы сайланды

Dalanews 03 шіл. 2021 16:38 957

Жуырда Түркістан облысында жаңадан Сауран ауданы құрылып, әкімшілік аумағы бекітіліп, әкімі тағайындалған болатын. Ал бүгін, яғни, 3 шілдеде Сауран ауданында «Nur Otan» партиясының филиалы құрылып, оның ең алғашқы конференциясы онлайн түрде өтті. Маңызды жиынға «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев қатысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Конференцияның күн тәртібінде 3 мәселе талқыланды. Бірінші мәселе бойынша  «Nur Otan» партиясының Сауран аудандық филиалының төрағасы болып аудан әкімі Рысбеков Ғани Құрмашұлы сайланды. Ал аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары болып Асылбеков Сағынбек Жақсыбекұлы жұмысқа кірісті.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Nur Otan» партиясы Сауран аудандық филиалы Саяси кеңесінің құрамы толық бекітілді. Сонымен бірге Саяси кеңес бюросының мүшелері де делегаттар тарапынан қолдау тауып, бірауыздан сайланды. Бірден іске кіріскен Сауран аудандық Саяси кеңес бюросы алғашқы отырысын өткізді.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе де толық талқыланды. 25 шілдеде елімізде тұңғыш рет өтетін ауыл әкімдерін сайлауға Сауран ауданы бойынша «Nur Otan» партиясынан үміткерлер ұсынылып, делегаттар тарапынан дауыс берілді. Үміткерлерге дауыс беру қортындысы жайлы санақ комиссиясының төрағасы Гүлбағила Қаржауова хабарлама жасады. Осылайша, күн тәртібіндегі үш мәселе де қаралып, конференцияның қаулысы қабылданды.

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев Сауран ауданында құрылған партия филиалы мен оның төрағасының жұмысына сәттілік тілеп, партияның сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасын жүйелі түрде жүзеге асыру керектігін жеткізді.

– Сауран – әлеуеті зор аудан. Мұнда туризмді, ауыл шаруашылығын, кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік бар. Түркістанға жақын орналасуы да бұл аумақтың экономикалық деңгейін көтеруге серпін береді. Филиал тізгінін қолға алған Ғани Құрмашұлы – іскер әрі осы өңірдің жағдайын өте жақсы білетін азамат. Жетекші партиямен бірге алға қойған міндеттерді, ел алдындағы жауапкершілік пен сенімді жоғары ұстайтындарыңызға сенімім мол, – деді ол.

Сауран ауданының әкімі, «Nur Otan» партиясының Сауран аудандық филиалының төрағасы Ғани Рысбеков сайлауалды бағдарламадағы жоспарларды уақтылы әрі сапалы орындауға күш салатынын айта келе, партияластарды отаншылдықпен, шын ниетпен жұмыс істеуге шақырды.

Сауран ауданы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2021 жылы  12 наурызда  құрылды. Жаңадан құрылған аудан халқының саны 100 мыңнан асады. Әкімшілік орталығы – Шорнақ ауылы.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар