Сауда "Сәлемнен" басталады

Dalanews 30 там. 2020 03:29 904

Зайсан туралы айтқанда оның әсем табиғаты, асқар таулары мен мөлдір суы, жер асты байлығын жиі сөз етіп тамсанамыз. Алайда туған жерді құрайтын ең маңызды бөлік және бағалы құндылық Адам, сол жердің тұрғыны екенін ұмытып кетеміз.


Қазақта айтылатын «Жақсы адам - елдің ырысы» деген даналық сөзіндегідей сол жердің халқы сол елдімекеннің ең басты байлығы емес пе?


Олай болса нұрлы Зайсанның айтулы тұлғасы, кәсіпкер, меценат «Жасұлан-777» кешенді шаруа қожалығының иесі Дәулетбек Мықияновпен болған емен-жарқын, ерекше сұхбатты назарларыңызға ұсынғымыз келеді. 



Иә, Зайсан үшін сауда-саттық жаңа ұғым емес. Қиырда жатып қақпасы Қытайға қараған моноқаланың тыныс-тіршілігі де осы шағын сауда мен мал шаруашылығы. Тарихқа көз жүгіртсеңіз көне Зайсанда бай-көпестер көп болған. Олардың дені өнер, мектеп, білім-ғылым, қайырымдылық шараларын назардан тыс қалдырмай, қоғам істеріне араласып отырған. Зымыран уақыт байлық пен қаржы ұғымдарына да көп өзгерістер алып келгені белгілі.



Дәулетбек ағаның байлық, бай болу, кәсіпкерлік туралы ерекше толғамдары оқырманды бей-жай қалдырмайтыны сөзсіз.


Дәулетбек аға, кәсіпкерліктің алғашқы баспалдақтары қалай басталып еді?


–  Ең алдымен айтарым бай болу міндет емес қой, қызым. Біз еңбекке араласқан шақта қазіргідей «бизнесмен» ұғымы болды десем қателескен болар едім. Біздің мақсат тұрмысты түзеу еді. Ата-анамыз қарапайым шаруа адамдары болды. Сол кісілерге қолғабыс болып, қандай іс жасасақ та адал атқаруға тырыстық. Мектеп бітіргеннен кейін, 1974-1975 жылдары 3 Шұбартаулықтардың бастамасымен құрылған  «Шұғыла» комсомол – жастар бригадасында шопан болдым. Еңбектің жаманы жоқ. Бастысы адал болуы. 1975 – 1977 жылдары Моңғолияда әскери борышымды өтеп, әрі қарай жүргізуші болып жалғастырдым.


–  Жеке жүк көлігіңіз болды ма?


–  Жоқ, Зайсандағы аудандық автотранспорт мекемесінде әртүрлі ауыр жүк тасымалдарымен айналыстым. Қытайға да бардық. Екі жылдан кейін сол КамАз-ды жеке меншігіме сатып алдым. Нан зауытының жұмысы, диірмен тоқтап сол бір 90 – шы жылдардың бел ортасында жаппай қиын кездерде тек Зайсан ғана емес, шалғай аудандарға облыс орталықтарынан азық – түлік тасып, арзан бағамен саудалап, тұрғындардың сұранысын қамту керек болды. Әсіресе ұн тапшы заман еді.


 «Жасұлан» сауда үйі қалай ашылды?


–  2003 жылы жұбайым Жаңылмен бірлесіп «Жасұлан» сауда үйін аштық. Алғашқыда шәй, қант, ұн, тұз сияқты қарапайым күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды саудаладық. Дүкенді ашатын сәтте сол кездегі аудан әкімі Бауыржан Жанақовқа бардым. Шағын ашылу салтанатын жасадық. Үлкен ақсақалдардың ақ батасын алдым. Нұрғабиден қарияның сауда туралы екі қағидасы үнемі жадымда тұрады.


–  Ол қандай қағида?


–  Жалпы сауданы алыпсатарлық деген көзқарастан арылу керек. Сауда дегеннің бір анықтамасы - нәпақы табу. Сауданы теріс көрмеу керек. Мысалы: бірінші қағида: алушының да сатушының да разы болуы. Мәселен джинсы шалбарын (сол заманда өте қажетті, қат киім түрі) алып келіп үстіне 1000 теңге қосып саттым. Алушы мұны, әрине, қымбатсынып ренжіп алады. Қайыр болмайды.


Екінші қағида: тағы джинсы шалбар алып келіп сатуға шығардым. Тауар ұзақ уақыт өтпеді, тұрып қалды. Алушы болса арзанға бер деп қинайды. Тағы да екі жақтың ризашылығы жоқ. Мұндай сауданың да қайыры болмайды.


–  Саудадан бөлек мал шаруашылығымен айналысатыныңызды білеміз.


–  Иә, қазір бес жерде арнайы мал өсіріп бағуға арналған қора-жайларым мен жайылымдық жерлерім бар. Асыл тұқымды жабы жылқыларын, қазақтың ақбас сиырларын және 60-қа жуық «герофорд» атты асыл тұқымды етті ірі – қара малдарын сатып әкеліп, жерсіндіріп, өсірудеміз.


Бұл жерде мені алаңдататын бір мәселе біз ата кәсібімізден ажырап барамыз. Қазір төрт-түлік малдың жай-күйін ұғатын, баға алатын, күтімін келістіретін жанды табу өте қиын. Бұдан бөлек малдың бас-сирақ, ішек қарнын іске жарату ақсап тұр. Ысырапшылдық пен рәсуа көп. Жақында бір газетте дәл осы жағдай адамдардың буын ауруына әкеліп соқтырды дегенді көзім шалып қалды. Бұлай болмауы да мүмкін, дегенмен назар салатын мәселе деп ойлаймын. Теріні кәдеге асыру да күн тәртібінен түспейтін мәселеге айналуы керек. Мен мұны бірнеше жерде айтып та жүрмін.


–  Кәсібіңізді Астана, Алматы сияқты ірі қалалармен байланыстыру ойыңызда жоқ па?


–  Шынымды айтсам Зайсаннан өзге жерге қоныс аудару туралы ой мүлде болмаған екен. Жұмыс барысымен Алматы, Шымкент, Талдықорған, Талғар, Қаскелең, Өскемен, Семей, Ақтөбеде тіпті Ресейге сапар шектім. Әр қаладан жақсы ұсыныстар көп болды. Жалпы көзін тапса бизнесті кез келген жерде өркендетуге болады ғой.


Менің ұстанымы - «Ер-туған жеріне». Зайсанда бірнеше ескі үйлердің өңін түзесек келбеттене түсері анық. Жаңа жұмыс орындарын ашуға көбірек күш салу керек.


Биыл «Сәлемнің» ашылғанына төрт жыл толады екен.
«Сәлем» сауда үйі аудандағы ең үлкен ғимараттардың бірі. Орналасқан жері де мені қатты қызықтырған еді. Ғимаратты салған сыныптасым, құрметті азамат Болат Икепұлының құрылыс компаниясы. Қазір 50-ден аса адамды жұмыспен қамтып отырмыз.


–  Балаларыңыз туралы айтсаңыз?


–  Ұлдарым Жасұлан мен Асылан, қызым Әсем қасымда. Өз жүрек қалауларымен осы отбасылық кәсібімізді дөңгелетіп келеді.



–  Жастарға айтар ақылыңыз бар ма?


–  Еңбек ету керек. Адалдық бірінші орында болуы тиіс. Адал ақшаның ғана берекесі бар. Адал ақша тапсаң ұйқың тыныш болады.


P.S. Сұхбат барысында кәсіпкерден қайырымдылық істері жөнінде сұрағанымызда жарияны ұната бермейтінін жеткізіп, қысқа қайырды. Әйтпесе Дәулетбек Мықиянов тұрмысы төмен, көп балалы, мұқтаж отбасыларына, орталық мешітке ұдайы көмек көрсетіп келеді.


Ауданнан гір спорты бойынша Әлем, Азия чемпионатына қатысқан спортшылардың шет елдерге баруына үш жыл қатарынан қаржылай демеушілік жасаған. 2019 жылы қожалық иесіне «Туған жер» бағдарламасының «Жомарт жүрек» номинациясы бойынша «Жыл меценаты» атағы, ауданның әлеуметтік – экономикалық жағдайын, ауылшаруашылығын дамытуға қосқан сүбелі үлесі үшін бірнеше жоғары басқару органдарының құрмет грамоталары, алғыс хаттары және ауданның 90 жылдық мерейтойының «Өнегелі жол» төсбелгісі  берілген.


Ал биыл ҚР Президентінің 8 маусымдағы №348 Жарлығы бойынша пандемиямен күресте ерекше көзге түскен азаматтарды наградтау барысында меценатың жұбайы Жаңыл Мықиянова «Халық алғысы» медалімен марапатталды.



Ол басқаратын «Сәлем» сауда үйі карантин уақытында санитарлық режимді қатаң сақтай отырып, азық-түлік бағасын тұрақты ұстап аудан халқына қалтқысыз әрі мінсіз қызмет көрсеткен бірден бір дүкен болатын.  Асан қайғының «Бақыт қонған ерлердің әрбір ісі оң болар, Дәулеті күнге артылып, не қылса да мол болар» - деген жолдары осындай жандарға арналып айтылса керек.


Сұхбатты жүргізген АЯУЛЫМ ШАЙМАРДАНОВА


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар