Жамбыл облысының тұрғыны бес айлық сәбиінің өліміне аудандық дәрігерлерді кінәлап отыр. Айтуынша, ақ халаттылар сәбиге дұрыс диагноз қоймай, уақытында ем жасамаған, деп хабарлайды Dalanews.kz 31-арнаның "Информбюро" жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Нұрәлі есімді сәби ауруханаға жедел бронхит диагнозымен жеткізіліп, бес күн ем қабылдаған. Анасы Ажар Тұрғынбаеваның айтуынша, баласына түрлі екпе салынса да, дене қызуы түспей, жағдайы жақсармаған. Соған қарамастан, дәрігерлер анасы мен баланы үйіне емделуге жіберген.
"Балам жазылып кетеді деп сеніп, күттім. Бес күн ауруханада жаттық. Кейін жағдайы жақсармаған соң қайта келдім. Ал олар “бала сау күйінде үйіне шығарылған” деп жазып қойыпты. Егер балам сау болса, реанимацияда неге жатты? Не себепті ескертпедіңіздер? Бір ай екі апта бойы не күттіңіздер? Дене қызуы түссе, мен неге Алматыға барамын? Неге мені ертерек жолға шығармадыңыздар? Неге баламен жібермей қойдыңыздар?", – деп жылап сұрайды қайғы жұтқан ана.
Ажар Тұрғынбаеваның сөзінше, сәби аудандық ауруханада айға жуық жатып, жағдайы тіпті нашарлай түскен. Денесі ісіп, ине салатын жері қалмаған кезде ғана анасы баласын Алматыға апарған. Алайда бұл кезде Нұрәліге асқынған пневмония диагнозы қойылып, көп ұзамай шетінеп кеткен. Анасы баласының өліміне Қордай аудандық дәрігерлерін кінәлайды.
Ең сорақысы сәби өлімінен кейін қозғалған қылмыстық іс төрт айдың ішінде «қылмыс құрамы жоқ» деген себеппен жабылып кеткен. Алайда Денсаулық сақтау басқармасы жүргізген ішкі тексеріс барысында дәрігерлердің салғырттық жібергені анықталған.
"Иә, біздің тарапымыздан қателік болды. Бұл – біздің жұмысымыз, оны тиісті деңгейде атқаруымыз керек еді. Ата-анамен дұрыс түсіндіру жұмысы жүргізілмеген. Балаға қауіп төнсе, ауруханаға қайта келу керек екені немесе өзге қалаға шығудың қауіптілігі нақты айтылмаған. Осы себепті біз бәріміз жауапқа тартылдық, – деді Қордай аудандық ауруханасының бас дәрігері Айдын Байбеков.
Нәрестенің қазасынан кейін жеті медицина қызметкері жауапқа тартылғанымен, бар болғаны ескерту және сөгіспен шектелген. Анасы мұндай жазаны әділетсіз деп есептейді. Ол қылмыстық істі тоқтатқан тергеушінің әрекетіне құқықтық баға беріліп, істің қайта қаралуын талап етуде. Марқұмның туыстары прокуратураға арыз түсірген. Қазір аталған факт бойынша прокурорлық тексеру жүргізілмек.