Түркістан облысының Сарыағаш ауданында толассыз жауған жауын салдарынан төрт ауылды су басты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тасқын су Дарбаза, Ердәуіт, Ақүй және Жаңаталап ауылдарына жетіп, екі елді мекендегі 15 үйдің ауласы мен алты көшені су басқан.
Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары, жергілікті атқарушы орган өкілдері және полиция қызметкерлері жұмылдырылды. Арнайы техника мен мотопомпалардың көмегімен су сорылып, Сарыүйсін каналына бұрылды.
Төтенше жағдайлар департаменті мәліметінше, Дарбаза, Ақүй және Жаңаталап ауылдарында су сору жұмыстары толық аяқталған. Ал Ердәуіт ауылында тасқын суды шығару жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
Ведомствоның ақпаратына сүйенсек, оқиға орнында 30 құтқарушы, 10 мотопомпа, үш арнайы техника, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органның 16 қызметкері мен алты техникасы жұмыс істеп жатыр.
520 текше метр су сорылып, тұрғын үйлердің аулаларын қорғау үшін 60 қап төселген.