Атырауда Сұлтан Сәрсемалиев ісін қарап жатқан судья Зарема Хамидуллина сотталушы кінәсін мойындаған жағдайда да одан неге жауап алынатынын түсіндірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Судьяның айтуынша, Конституцияға сәйкес, адамның кінәсін мойындауы оны бірден кінәлі деп тануға және үкім шығаруға негіз бола алмайды. Себебі іс бойынша барлық дәлел сот отырысында зерттелуі қажет.
"Сотталушы кінәсін мойындап тұрса да, бұл оны кінәлі деп танып, үкім шығаруға негіз бола алмайды. Барлық дәлел сот отырысында қаралуы тиіс. Егер қандай да бір дәлел сотта зерттелмесе, сот үкім шығару кезінде оған сүйене алмайды", – деді Зарема Хамидуллина "Атырау" газетіне берген сұхбатында.
Судьяның сөзінше, дәлелдер қатарына сотталушының жауабы, куәлардың айғақтары, бейнежазбалар және іске қатысты өзге де материалдар кіреді.
"Егер дәлелдер зерттелмесе, тараптар жарыссөз кезінде оларға сілтеме жасай алмайды. Ал дәлелдемелерді қарауға уақыт қажет. Мысалы, бір қылмыстық істің ішінде 25-30 бейнежазба болуы мүмкін. Кейбір тергеу әрекеттері үш сағатқа дейін созылады", – деді ол.