Сарыағаштағы медреседе балалардың ұстазына аяқ массажын жасап жатқан видеосы интернетте тарағаннан кейін дау туды. "Орда" тілшілері медресеге биыл 290 миллион теңге бөлінгенін анықтаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жыл сайын Сатыбалды Әбішұлы атындағы медресе-колледжі бюджеттен 200 миллион теңгеден астам қаржы алады. Алайда бұл қаражаттың қайда жұмсалып жатқаны әлі күнге дейін ашық емес.
Алты жылда екі миллиардқа жуық қаржы
Ресми мәліметтерге сәйкес, 2018 жылдан бері медресе бюджеттен 1,9 миллиард теңгеден астам қаражат алған. Ең үлкен сомалар 2018–2019 жылдары бөлінген. Қаражат бірден емес, жыл бойы бірнеше траншпен аударылған.
Соңғы мемлекеттік төлем 2025 жылғы 8 қаңтарда жасалды.
Жылдар бойынша қаржыландыру:
- 2018 жыл — 336 млн теңге;
- 2019 жыл — 400 млн теңге;
- 2020 жыл — 137 млн теңге;
- 2021 жыл — 54 млн теңге;
- 2022 жыл — 143 млн теңге;
- 2023 жыл — 296 млн теңге;
- 2024 жыл — 280 млн теңге;
- 2025 жыл — 290 млн теңге.
Қомақты қаражат бөлінгенімен, оның нақты қайда және қалай жұмсалғаны туралы толық есеп әлі қолжетімсіз.