Аналитика және экономика саласындағы сарапшы Қанат Оспанов утильмалым дауына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Кейінгі кездері утильалым мәселесі қайтадан қызу талқылана бастады. Негізі бұл мәселеге қатысты түрлі көзқарас бар. Мысалы автокөлік өнеркәсібіне маманданған «СемАЗ» зауытының қызметкерлері Қазақстан үкіметіне үндеу жасаған. Олар еліміздегі отандық өндірісті қорғау керегін және дамыту қажет екенін айтты. Жұмысшылардың сөзінше, утильалымды алып тастаудың салдарынан олар жұмыссыз қалып қана қоймай, көлік жасау саласымен қатар даму мүмкіндігінен де айырылуы мүмкін.
Осылайша олар басқа табыс көзін іздеуге немесе шетелге жұмыс істеуге кетуге мәжбүр болатынын баса айтты.
Демек бұл проблема олардың қаржылық жағдайына айтарлықтай әсер етеді деген сөз. Тіпті кейбір белсенділердің әрекеті үкіметтің ғана емес, қарапайым жұмысшылардың да ашуына тие бастағандай. Оның үстіне «Халық табысының өсуі және өнеркәсіптің дамуы үшін» деген петиция пайда болған. Петиция авторлары жергілікті өндірісті дамыту және қолдау арқылы кірісті арттыру қажет екенін талап етеді. Петицияға 12 мың адам қол қойып үлгерген. Демек бұл осы мәселеде пікірлер әртүрлі екенін, жағдай шиеленісіп бара жатқанын көрсетеді.
Утильалым - отандық өндірісті дамытуға ықпал ететін маңызды құрал. Бірақ бұл төлемнің әділ болуы да маңызды. Әрине ішкі нарықты қорғау да басты рөл атқарады. Ішкі нарықты импорттық үстемдіктен қорғау және отандық өндірушілерді ынталандыру қажет. Отандық өндірістің белсенді дамуы – елдің экономикалық тұрақтылығы мен өркендеуіне қол жеткізудің негізгі факторы. Елде сапалы өндіріс орныққан кезде бұл экономика мен қоғамдағы көптеген оң өзгерістерге негіз жасайды. Өзіміздің өндірісіміздің басқа біреуді қайта сатудан артықшылығы - оның ұзақ мерзімді даму мен тұрақтылық қабілетінде екенін атап өткен жөн», - дейді Оспанов.
Фото: Facebook
Сарапшының сөзінше. Қазақстан өндіріс базасын жаңарту мен кеңейтуге, қолайлы инвестициялық орта құруға және мықты инженерлерді тәрбиелеуге күш салу керек.