Сапарбаев қытайлық компания орнатқан «қамалды» бұзуды тапсырды

Dalanews 16 мам. 2016 21:01 966

«Мұғалжар ауданында өткен кездесуде мұнай-газ өндіруші компаниялар облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа «Казахойл Ақтөбе» қойған ақылы бөгетке қатысты шағымдарын жеткізді», — деп хабарлайды «Ұлт порталы» «Диапазон» газетіне сілтеме жасап. Әкім ол мәселені міндетті түрде шешуге уәде берген.

Қарапайым халық пен шағын кәсіпорын жұмысшыларының Кеңқияқ-Жаңажол бағытымен 2014 жылдан бері еркін қозғалыс жасай алмай жүргендері белгілі еді. Ондағы мұнай компаниялары заңсыз ақылы бақылау-өткізу пунктін орнатып, сайран салып жүргендеріне біраз болған. Даулы аумақтағы жол облыстық маңыздылығы бар тораптардың қатарына жататын болып шықты.

Berdibek Saparbayev dalanews 01

Бақылау орнынан өту ақысын «Казахойл Ақтөбе» алып жүр. «Әлібекмола» кен орнын бағытқа алған жүк көліктері — 2500 теңге, жеңіл автокөліктер — 775 теңге ақы төлейтін болса, Қожасай кен орнына баратын жүргізушілер 4000 және 1500 теңге көлемінде ақша төлейді.

«Бұл мәселені шұғыл түрде шешу керек. «Казахойл Актобе» мекемесінің ол жерге бөгет орнатып, өту үшін ақы талап еткендері мүлде дұрыс емес», — дейді Сапарбаев.

Сонымен қатар, әкім жұмысшыларды қысқарту қажеттілігі орын алса, жергілікті жұмысшылар қатары кемімей, керісінше, өзге елден келген басшылар мен мамандардың қатары қысқаруы тиіс екенін баса айтты.

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар