“Ақтөбе-Атырау” тасжолын салуда жергілікті құрылыс материалын пайдаланып, дайындықты күшейтуді қадағалаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев орынбасарларына ұйықтамай жұмыс істеуді тапсырды.
Ақтөбеде көлік инфрақұрылымын дамытуға арналған жиын болды. Жиын кезінде өңір басшысы өз орынбасары Серік Төленбергеновтің жұмысын сынады.
“Халықаралық әуежайы бар Ақтөбеде шетелге ұшатын екі ғана әуе рейсі бар. “Жұмыс көп, ал сен отырсың “ұйықтап”. Әзірге ештеңе жасап жатқан жоқсың. Ұйықтасаң, ұйықтайтын жерге барасың”, – деді өңір басшысы.
Күні кеше Сапарбаев қоластындағы шенеуніктер мен мектеп директорларының жұмысын сынға алып, өзін “патша” сезінетін әкім-қараларды орнына қойған еді.
Облыс әкімі былтырғы жылы өңірдегі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді талдау барысында «ұйықтап жүрген әкімдерді» сын садағына алған. Сапарбаевтың айтуынша, ауыл әкімдері мен мектеп директорлары өздерін «патша» сезінеді.
«Бұлар өмір бойы осылай әкім боламын деп ойлап жүр. Мен оларға үнемі бұл сендердің әкелерің сатып алып берген қызмет емес деп ескертемін. Байқап отырсам, мектеп директорлары мен ауыл әкімдері бас-басына «хан» болып алыпты. Мектеп пен ауылды өздерінің жеке меншігі деп ойлайды. Қазіргі заман ұйықтайтын заман емес. Ол уақыт әлдеқашан өтіп кеткен», – деген еді Бердібек Сапарбаев.