Санжар Бокаевтың ісі сотқа жетті

Санжар Бокаевтың ісі сотқа жетті
ашық дереккөз

Қоғам белсендісі әрі блогер Санжар Бокаевқа қатысты қылмыстық іс Алматы қаласының Алмалы аудандық қылмыстық істер жөніндегі сотына түсті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы Бокаевтың адвокаты Радмир Өтепов мәлімдеді. Оның айтуынша, қорғау тарапы әзірге алғашқы сот отырысының қашан өтетіні туралы ақпарат алған жоқ.

«Бүгін қорғауымыздағы Бокаев Санжар Омарұлына қатысты іс Алматы қаласының Алмалы аудандық қылмыстық істер жөніндегі сотына түсті. Алғашқы сот отырысының қашан тағайындалатыны әзірге белгісіз. Жаңалық болған жағдайда сіздерге хабарлап отырамыз», – деді Өтепов.

Қоғам белсендісі әрі блогер Санжар Бокаев наурыз айынан бері қамауда отыр. Оның ісі бойынша тергеу әрекеттері 13 шілдеде аяқталған. Осыдан кейін адвокаттар қылмыстық іс материалдарымен танысуға кіріскен.

Тергеу нұсқасы бойынша, Бокаевқа аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау, ағаштарды заңсыз кесу, құрылыс нысандарындағы жымқыру фактілеріне және шынайы емес ақпарат таратуға қатысы болуы мүмкін деген күдік келтіріліп отыр.

Санжар Бокаев соңғы жылдары мемлекеттік қызметшілердің жұмысы, бюджет қаражасының жұмсалуы, кәдеге жарату алымы және даулы құрылыс мәселелері туралы жариялаған бейнероликтері арқылы танылған.

Іс сотқа жетпей тұрып-ақ белсендінің жақтастары алдағы сот процесі журналистер мен қоғам өкілдері үшін жабық өтпеуі керек екенін ашық түрде мәлімдеген.