Ұзақ уақыт шығармашылық үзілістен кейін сахнаға қайта оралған әнші Сандуғаш Стамғазиева жеке өміріне қатысты айтылып жүрген әңгімелерге жауап берді. Өнер иесі өткен өміріне өкінбейтінін және балаларының әкесінің бірінші әйеліне ешқандай өкпе-реніші жоқ екенін жеткізді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әншінің айтуынша, ол Алтынбектің бірінші әйелімен жақын араласпағанымен, оған құрметпен қарайды.
"Өміріме еш өкінішім жоқ. Алтынбектің бірінші әйеліне көзқарасым өте жақсы. Қайта ол кісіге рахмет айтамын. Ол кісімен кездесіп, бір дастарқан басында отырмасам да, мен тілекшімін. Жүздескен жоқпын. Бір-бірімізді көп көрген жоқпыз. Мен қашан болмасын, адамға жамандық ойлаған емеспін.
Ол кісінің даналығы, тәрбиесі, Алтекеңе деген сыйластығы, құрметі шығар. Бір-бірімізге алакөздік жоқ. Ал халық артық кетсе, ол тақырыпты жауып қоямын. Қайсысының ауызына қақпақ боламын?", – деді Сандуғаш Стамғазиева.
Өнер иесі өзін "біреудің отбасын бұзды" деп сынайтындарға да жауап берді. Оның сөзінше, ешкімді отбасынан ажыратып алмаған және қазір әркім өз өмірімен өмір сүріп жатыр.
"Балаларымның әкесінің атына көп дүние айтылады. "Отбасының ортасына түсті" деп маған да жазады. Ол пешенемізге жазылған. Ең бастысы, мен ешкімді ажыратып алған жоқпын. Әркім өз отбасымен өмір сүріп жатыр. Егер мен отбасы бұзғыш болсам, ол кісінің өмірі мүлде басқа болатын еді. Ондай дүние болған жоқ. Балаларына көзқарасы да жақсы.
Алтынбек амандығымды балалар арқылы біліп отырады. Қыздар әкесінің махаббатын, тәлім тәрбиесін алып жатыр. Мен ештеңеге қарсы болмаймын. Жақсы болсын, жаман болсын – әкесі. Екеуі де әкесін жақсы көреді. Қазіргі таңда балаларға көмектесіп, ақылдасып, өзара араласып тұрады. Мен әкесіне қарай итеремін. Қызым сұранса да, "Әкеңмен сөйлес, ақылдас" деп отырамын", – деді Сандуғаш Стамғазиева.