Сән әлемін мойындатқан жігіт Ұлттық ұланда қызмет етіп жүр

Сән әлемін мойындатқан жігіт Ұлттық ұланда қызмет етіп жүр
gov.kz

Бір кездері әлемнің сән подиумдарында жүріп, әйгілі брендтердің киімдерін көпшілікке таныстырған Шыңғыс Таңатпаев бүгінде әскери форма киіп, Ұлттық ұлан қатарында Отан алдындағы борышын өтеп жүр, деп хабарлайды dalanews.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеп.

Қарағандыдағы 5451 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Шыңғыс Таңатпаев модельдік мансабын 17 жасында бастаған. Бойы мен келісті келбеті оны сән индустриясына жетелеп, халықаралық подиумдарға шығарған. Ол Францияның әйгілі Pierre Cardin сән үйінің, Италияның Federico Barrazzo және Sauvage Multi брендтерінің киімдерін көрсетіп, әлемнің түрлі елін шарлаған.

Ал бүгінде ол әскерге келіп, подиумдағы нық қадам саптағы әскери жүріске ауысқан. Бір қарағанда, модельдік өнер мен әскери қызметтің арасы жер мен көктей көрінуі мүмкін. Алайда екеуіне де ортақ дүние бар. Ол - тәртіп пен жинақылық. Подиумда өзін еркін әрі сенімді ұстай білу қажет болса, әскери қызметте де әр қимылға жауапкершілікпен қарап, берілген тапсырманы дәл орындау маңызды.

Сарбаз қазір Қарағанды қаласының қоғамдық қауіпсіздігін сақтауға өз үлесін қосып жүр. Ол күн сайын әскери міндетін абыроймен атқарып, бұқаралық іс-шаралар кезінде және адам көп шоғырланған орындарда қоғамдық тәртіп сақталуын қадағалайды.