«Самұрық-Қазына» қызметкерлерді қысқартып, 5 млрд теңге үнемдеген

«Самұрық-Қазына» қызметкерлерді қысқартып, 5 млрд теңге үнемдеген
ЖИ: Dalanews.kz

«Самұрық-Қазына» қоры компаниялар тобында жүргізілген кадрлық оңтайландырудың аралық қорытындысын жариялады. Бұл туралы қор басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, Астанада өндірістік емес персонал саны 11 пайызға қысқартылған. Соның нәтижесінде қор жылына шамамен 5 млрд теңге үнемдеуге қол жеткізген.

«Біз Астана қаласы бойынша өндірістік емес персоналдың 11 пайызын қысқарттық. Жыл сайынғы үнемдеу көлемі шамамен 5 млрд теңгені құрайды. Сандық құрам бойынша бұл – 700 адам», – деді Жақыпов ЕАЭО отырысының кулуарында журналистер сұрағына жауап бере отырып.

Журналистер үнемделген қаражат қазіргі қызметкерлердің жалақысын көтеруге жұмсала ма деген сұрақ қойған.

Алайда қор басшысы бұл қаражаттың корпоративтік мақсаттарға бағытталатынын айтты.