«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Өскемен қаласындағы Ана мен бала орталығына барды, деп хабарлайды Dala News.

Ана мен бала орталығында жасанды интеллект технологиялары мен навигациялық жүйе біріктірілген Remebot RM-200 нейрохирургиялық операцияларды жоспарлау роботы орнатылады. Бұл жүйенің енгізілуі балаларға көрсетілетін мамандандырылған нейрохирургиялық көмекті жаңа технологиялық деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Жүйе дәрігерлерге операция барысын алдын ала жоспарлап, науқастың миының дәл 3D-моделін жасауға және хирургиялық араласудың ең қауіпсіз траекториясын анықтауға мүмкіндік береді. Роботтандырылған манипулятор медициналық құралды белгіленген бағытта миллиметрдің үлесіне дейінгі дәлдікпен ұстап тұрады. Бұл сау тіндердің зақымдану қаупін азайтып, операциядан кейінгі асқынулардың алдын алуға және пациенттердің мүгедектікке ұшырау қаупін төмендетуге ықпал етеді.

Жаңа жабдықтың іске қосылуы Шығыс Қазақстан, Павлодар және Абай облыстарының тұрғындары үшін мамандандырылған және жоғары мамандандырылған нейрохирургиялық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Эпилепсия, ми ісіктері және жүйке жүйесінің басқа да аурулары бар балалар қажетті медициналық көмек ала алады. Кешеннің жылдық қуаты 500–750 операцияға дейін жетеді. Жабдықты орнату және пайдалануға беру 2026 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған.
«Самұрық-Қазына» корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікті адамдардың өмір сүру сапасына бағытталған ұзақ мерзімді инвестиция ретінде қарастырады. 2023 жылдан бері Қор жалпы сомасы 880 млрд теңгеден асатын 100-ден астам әлеуметтік маңызы бар жобаны іске асырды. Бұл жұмыстың елеулі бөлігі денсаулық сақтау саласымен байланысты: өңірлерде ауруханалар мен медициналық орталықтар салынып, заманауи жабдықтар сатып алынады. Балаларды оңалтуды дамытуға да ерекше көңіл бөлінеді: бүгінде ел бойынша 55 оңалту орталығы ашылып, 21 мыңнан астам балаға көмек көрсетілді. Қордың қолдауының арқасында өңірлерде жоғары технологиялық медициналық көмек қолжетімді бола түсті. ШҚО-дағы бүгінгі жоба - соның бір мысалы», – деді Нұрлан Жақыпов.

Соңғы 10 жылда Шығыс Қазақстан облысында қайырымдылықтың бірыңғай операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы жалпы құны 1,9 млрд теңгені құрайтын 25 жоба жүзеге асырылды. Өңірде балалар үйлерінің 50 тәрбиеленушісіне арналған Samruk Úmiti кәсіптік бағдар беру жобасы іске асырылуда. Өскемен қаласында үш «Қамқорлық» оңалту орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар Шұбарқұдық ауылында аралас үлгідегі Ainala орталығы қызмет көрсетеді.