Самар ауданына жаңа әкім тағайындалды

Dalanews 28 сәу. 2023 13:41 1066

Бүгін Самар аудандық Мәслихат депутаттарының келісімімен Нұрлан Махамбетов аудан әкімі болып тағайындалды. Аудан активіне жаңа басшыны ШҚО әкімінің м.а. Алмасхан Сматлаев таныстырды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Нұрлан Мұхтарұлы 1965 жылы Қостанай облысы Меңдіқара ауданы Ивановка ауылында дүниеге келген. Ленинград жоғары зениттік-зымыран командалық училищесін, сондай-ақ Қазақстан-Америка еркін университетін бітіріп, "құқықтану" мамандығын алды.

2019 жылға дейін әр түрлі әскери бөлімдерде қызмет атқарды. 2020 жылдан бастап Алтай ауданы Серебрянск қаласының әкімі болып жұмыс істеді. Жалпы жұмыс өтілі 33 жыл.

Аудан активінің алдында сөйлеген сөзінде Нұрлан Махамбетов жаңа лауазымға барлық күш-жігер мен білімін жұмсайтынын, тұрғындардың сенімі мен оған жүктелген міндеттерді ақтайтынын айтты.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың маусым айында Самара ауданына аудан мәртебесі қайтарылды. Жаңа әкімнің алдында инфрақұрылымды, әлеуметтік, аграрлық және туристік салаларды дамыту бойынша ауқымды міндеттер тұр.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар