Сайын көшесіндегі өзгерістерге қатысты әкімдік мәлімдеме жасады

Сайын көшесіндегі өзгерістерге қатысты әкімдік мәлімдеме жасады
Фото: Письма Президенту

Алматы қаласының әкімдігі Сайын көшесіндегі жол қозғалысын ұйымдастыруға енгізілген өзгерістерге қатысты тұрғындардың пікірін ескеріп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ қаладағы өзге көшелерде де біржақты қозғалысты енгізу мәселесі қаралып жатқанын хабарлады. Бұл туралы Dalanews.kz-тің ресми сауалына берген жауабында айтылған.

Әкімдік мәліметінше, қазіргі уақытта мамандар біржақты қозғалысты өзге көшелерде енгізу мүмкіндігін жан-жақты зерттеп жатыр.

"Қаладағы басқа көшелерде біржақты қозғалысты енгізу мәселесі қазіргі уақытта қаралу сатысында. Мамандар көше-жол желісінің геометриялық параметрлерін, көлік ағынының қарқындылығын және жол қозғалысын ұйымдастыруға ықтимал әсерін ескере отырып, кешенді талдау жүргізуде. Талдау нәтижелері бойынша тиісті ұсыныстар Алматы қаласы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасына келісуге жолданады. Барлық қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін түпкілікті шешім қабылданады", – деп жауап берді әкімдік.

Сонымен қатар Қалалық мобильділік басқармасы Сайын көшесіндегі жаңа қозғалыс сызбасына қатысты тұрғындардың пікірін жіті бақылап отырғанын атап өтті.

"Жаңа қозғалыс сызбасы енгізілген алғашқы күндері белгілі бір қолайсыздықтардың туындауы мүмкін екенін түсінеміз. Алайда жоба кезең-кезеңімен іске асырылып жатқанын және оны жетілдіру жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын ескерулеріңізді сұраймыз", - делінген жауапта.

Әкімдіктің айтуынша, қазіргі уақытта жаяу жүргіншілер өткелдерін жаңғырту, бағдаршамдардың жұмысын реттеу және қоғамдық көлікке басымдық бере отырып қозғалыс сызбасын бейімдеу жұмыстары аяқталуға жақын.

"Барлық жұмыс толық аяқталғаннан кейін ғана қабылданған шешімдердің тиімділігіне объективті баға беруге болады", - деп мәлімдеді басқарма.

Әкімдік көлік қозғалысына сыртқы факторлардың да әсер етіп отырғанын жеткізді. Атап айтқанда, Сайын көшесінің жаңа учаскесі ашылғаннан кейін транзиттік көлік ағыны артқан. Бұдан бөлек, іргелес көшелерде инженерлік желілерді қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, көлік ағындары уақытша қайта бөлінген.

Сондай-ақ магистральдағы жүктемені азайту мақсатында 25 шілдеден бастап күндізгі уақытта жүк көліктерінің қозғалысына шектеу енгізілген.

"Бұл шара көшенің өткізу қабілетін арттыруға ықпал етеді деп күтілуде. Басқарма жол қозғалысы жағдайын тұрақты түрде бақылауды жалғастырады және қажет болған жағдайда көлік талдауы мен нақты деректер негізінде қозғалысты ұйымдастыруға тиісті түзетулер енгізеді", - деп хабарлады әкімдік.

Бұдан бөлек, Желтоқсан көшесіндегі қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақ штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Әкімдік алдағы уақытта бұл учаскеде қоғамдық көлік бағыттарының санын көбейтуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

"Бұл жолаушылардың жылдам әрі жайлы қатынауын қамтамасыз етіп, қоғамдық көліктің басымдықпен кедергісіз қозғалуына мүмкіндік береді", - делінген ресми жауапта.

Ал Манас көшесіне қатысты қозғалыс сызбасын өзгерту әзірге жоспарланбаған. Әкімдік мәліметінше, оңтүстік бағыттағы біржақты қозғалыс сақталады, ал Абай даңғылынан Тимирязев көшесіне дейінгі аралықта жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін де қозғалысты ұйымдастырудың негізгі параметрлері өзгеріссіз қалады.