Сағадиев реформасына қарсымыз!

Dalanews 27 сәу. 2016 05:50 1018



Қазақстан Республикасының Президенті

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа

АШЫҚ  ХАТ

Нұрсұлтан  Әбішұлы!

Біз зиялы қауым бар, басқасы бар қазақ қауымының бірталай азаматы осының алдында Сізге елімізде енгізіліп жатқан үштілділік дегенге қарсылық білдіріп хат жолдағанбыз. Ол баспасөз бетінде, әлеуметтік желілерде жарияланды. Енді міне екінші мәрте Ашық хат жариялауға мәжбүр болып отырмыз. Оған сол хатымызға Білім министрі Е. Сағадиевтің берген еш дәлел-дәйексіз, табан тірерлік нақтылығы жоқ жауап деуге келмейтін «жауабы» себеп болып отыр. Е. Сағадиев мырза осы «жауабында» хатқа қол қойғандардың ішінде балалары шетелде оқып, ағылшынша сөйлейтіндер бар дегенді айтады да, енді ауыл балалары да ағылшынша үйренуі керек дейді.

Бұл азамат сонда «Болашақ» бағдарламасымен оқыған балалардың бәрі тек қазақ не орыс мектептерінде оқығандар екенін шынымен білмей ме? Ал мына үш тілділік бойынша балаларға бастауыш мектептен (тіпті, балабақшадан да) бастап үш тіл оқыту, ең сорақылығы физика, химия, биология және басқа да пәндерді тек ағылшын тілінде оқыту қолға алынуда. Бұл әлемнің ешбір елінің практикасында болмаған іс. Біздің ойымызша әр бала мектепті бітіргенше сабақты өз тілінде оқып, есейгесін, ержеткесін қай тілді оқыса да өз еркінде болуы тиіс. Біз бұл бастаманы кім ойлап тауып отырғанын білмейміз. Білетініміз бұл қазақ халқын жоюға әкеп соғуы әбден мүмкін шара екеніне әбден көз жеткізіп отырмыз. Бұл қазақ ұлтының ертеңіне жасалып отырған достықпиғыл емес. Айта кетейік, осы министр Е. Сағадиевтің әкесі К. Сағадиевтен бастап қазақтың бетке ұстар академик, ғылым докторы атаулылары түгел дерлік қазақ мектебін бітіргендер.

Құрметті Нұреке! Қазақ халқы патшалық Ресей кезінде де, Кеңестік Ресей кезінде де талай-талай қолдан жасалған ашаршылықтардан, халық жауы, Американың тыңшысы, Жапонияның тыңшысы деп атып-асудан қынадай қырылғанын өзіңіз жақсы білесіз. Басынан осындай зобалаңдарды өткерген қазақ халқы тәуелсіздікке тілі шұбарланып, ұлттық санасы сансырап, көптеген ұлттық ерекшелігінен айрылып өліп-талып жетіп еді. Бірақ біз тәуелсіздік алдық деп той-тойлап жүрген 25 жыл ішінде қазақ тілі оңалып кетті деп тағы да айта алмаймыз. Оның ең басты себебінің бірі іс қағаздары, заңнамалар т.б. ресми құжаттар әуелі орыс тілінде жазылатыны, екіншіден адам миына тікелей әсер ететін теледидар күндіз-түні орысша сөйлейтіні, министрлеріміз де сол теледидар сияқты орысша сайраумен келе жатқаны  екенін талай айттық та, жаздық та. Амал не, оның ешқайсысына не Үкімет тарапынан, не Сіздің тарапыңыздан нақты жауап та, қолданылған шара да болған жоқ. Енді міне,  Сіз  жаңа  тағайындаған министр  Е. Сағадиев  бүкіл  білім,  ғылым  және  мәдениет  саласында  реформа  емес, төңкеріс  жасамақшы. Ал әлемдік  тәжірибеде  білім, тіл  мәселесі  және  мәдениет  эволюциялық  даму  жолымен өркендейді.

Оның  айтуынша  әлемнің ешбір мемлекетінде  жоқ  3 тілді  мектеп  моделін жасап, соның  негізінде  қазақ  тілі  мен  әдебиеті, Қазақстан  тарихы  пәндерін –қазақ тілінде, орыс  тілі мен  орыс  әдебиетін, дүниежүзі  тарихын  орыс  тілінде, ал  жаратылыстану  пәндерінің барлығын  ағылшын  тілінде  оқыту  көзделіп  отыр. Келесі 2017 жылдан  бастап  ағылшын  тілінде  оқыту  жоғарғы  сыныптарда  басталмақ. Сонда  дүниежүзі  тарихы, география, математика, физика, информатика, химия, астрономия  және  тағы  басқа  пәндер  мектепте  мүлдем  қазақша  оқытылмайтын  болады. Бұл әрекет  онсыз  да халі мүшкіл  қазақ  тіліне,  жалпы қазақ халқының  болашағына  орасан зор зиян  келтіреді. Мүшкіл қазақ тілі дейтін себебіміз Ресейден тәуелсіздік алдық десек те қазақ тілі өз елінде орыс тіліне өз орнын ығыстырып бергені көрініп-ақ  тұр. Енді оған ағылшын тілін қоспақшы. Үкімет басшысының орынбасары Дариға Назарбаева жақында қытайша да оқытамыз деген сөздің ұшығын шығарып қойды. Мұның бәрі мемлекет құраушы қазақ халқымен еш ақылдаспастан, қазақтың пікірін білместен әркім ойына келгенін жасау арқылы істелуде. Ескертіп қояйық, қазақ халқы бұған жол беріп қоймауы да мүмкін.

Иә, министр Е. Сағадиев  қазаққа  жаны  ашыған  болып  «Қазақ  мектептерінде  оқыған  жастардың  әрі  қарай  сапалы  білім  алуының  шектеулі  екенін көріп  отырмыз. Мысалы, біздің  ең  жоғарғы  ағылшын  тілінде  дәріс  беретін  Назарбаев  университетіне, ҚМЭБИ, ҚБТУ университеттеріне  ауыл  жастарының  түсуінде  біраз  қиыншылықтардың  бар  екенін  өзім көрдім  дейді.  Ондай  болса,  сол  жоғарғы  оқу  орындарында  қазақ тілінде  сабақ  беру  керек,  қазақ  тілінде  сапалы  оқулықтар  шығару  қажет. Мектептің  мақсаты  тек  ағылшын  тілін  үйрету емес, балаларға  жан-жақты  білім  беру.

«Бізде  орыс  тілінде  оқытатын  мектептер де  бар. Онда көптеген  қазақ  жастары  оқиды. Шынын  айтсақ, сол  қазақ  жастарының   көбі  қазақ  тілін  дұрыс  білмейді, дұрыс   түсінбейді. Осы  себептерге  байланысты  біздегі  білім  алу  жүйесінде  тепе-теңдік  жоқ»-дейді Ерлан  Сағадиев. Иә,  орыс  мектептерінде  мемлекеттік  тілді  жақсы  оқытпайды. Ендеше, бұл Е. Сағадиев әуелі  Конституцияда  жазылған  мемлекеттік  қазақ  тілін  білуді  жолға  қою  керектігін  білмейтін  қандай  министр?

Тәуелсіздік  алған алғашқы жылдары біздің  Үкімет  қазақтардың  саны  44 пайыз, 50-ге жетейік,    мемлекеттік  тіл  туралы  мәселені  қозғамай  тыныш  отырыңдар  деді. Арада  міне, 25 жыл  өтті,  қазақтардың  саны  елімізде  68  пайыздан  асты. Енді  орыс  тілімен  қоса  ағылшын  тілінде  сөйле  дегені  онсыз да  25 жылдан бері өз елінде халі мүшкіл күйінде қалып келе жатқан қазақ тілінің өркендеуіне қайткенде де кедергі жасау үшін әлдебір топтардың тапсырмасымен жасалып отыр ма деген қаупіміз бар. Ал  қазақ мектебі болмаса, қазақ халқы тілімен қоса жоқ болып кетеді.

Президент мырза! Бұл   қазақ  тілінің  көсегесін  көгертуге бағышталған шара емес. Кезінде  Кеңес Одағында  орыстардың  саны  43  пайыз екеніне  қарамастан  бүкіл  халық  орыс  тілінде  сөйледі. Қазіргі  таңда, Иран елінде  парсылардың  үлесі  35  пайыз ғана болса да мұндағы  өзге  ұлт   өкілдері  түгел парсыша оқып, парсыша сөйлейді. Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркіменстан, Армения сияқты басқа да  ТМД  елдерінде де солай. Келімсектердің  яғни,  диаспоралардың қай елде тұрса сол елдің жергілікті  халқының тілінде сөйлеуі дүние жүзінде қалыптасқан үрдіс. Ал бізде тіпті, «Премьер-министр, министрлердің, әкім-қаралардың  көбі  орыс  тілінде  сөйлеуінен-ақ олар қазақтың ұлттық мүддесіне пысқырмайтынын ақымақ адам да түсінеді.

Иә, ағылшын  тілі  халықаралық  қатынаста, халықаралық  сауда және  банк  жүйесінде, дипломаттарға, кейбір ғылым саласындағыларға, бизнесмендерге  керек болса керек те шығар. Ал  бүкіл  17 миллион  халыққа   ағылшын  тілін  жаттату – өте ерсі, басқа халықтарға күлкі қыларлық іс. Малшы, жалшы, құрылысшы, күзетші, базарларда  отырған  халыққа  ағылшын  тілі  көк  тиынға  керек  емес. Ағылшын  тілін  үйренсе  болды, әлемдік  білім-ғылым  қолымызда болады, сосын күшті ел боламыз  деу  барып  тұрған  сауатсыздық, надандық не қазақ халқын жоюдың бір амалы сияқты.  «Сөзі  жоғалған  жұрттың  өзі  де  жоғалады» деп әлемнің талай ойшылдары айтқан. Ағылшындар  жаулап  алып, өз  тілін  күштеп  енгізген  Африканың  20-ға  жуық  бұрынғы  бодан  мемлекеттері  дамып, ешкімнен озып кеткен жоқ. Олар қанша жерден ағылшынша сөйлесе де әлемнің артта қалған мемлекеттері күйінде қалып отыр. Олар   ағылшын  тілін  еңбектеген  сәбиден, еңкейген  қарияға  дейін  судай  ағылшынша сөйлегенімен, әлі  күні  аш-жалаңаш  кедейшілікте  өмір  сүріп  жатыр. Ал бір ғұлама ойшылдың  «Тек құлдар ғана өз қожайынының тілінде сөйлейді» деген сөзі әлі де орыс тілінің ықпалынан шыға алмай жүрген бүгінгі біздің қазаққа арнап айтылған сияқты.       Әлемде, ғылым, білім, жаңа технология тек ағылшын тілінде емес, бұл халықты алдаусыратқан өтірік сөз. Техникалық прогресс, электроника барлығы француз, испан, бенгал, жапон, кәріс, қытай, италян, неміс және орыс тілдерінде жазылады. Біздің Үкімет басындағылар да, жаңа министр де соны шынымен білмей ме, әлде бұл қазақ ұлтын жойып жіберуді көздейтін әлдебір топтардың тапсырмасы ма?

Құрметті   Президент   мырза!    Өзіңіз  Жарлығыңызбен  бекіткен  2011-2020  жылға  арналған  тіл  дамыту  Бағдарламасында қазақстандықтардың 90 пайызы  2020 жылы  толық  қазақша  сөйлейді  деп  жазылған. Осыны  орындаудың  орнына  Ерлан  Сағадиев  қазақ  мектептерін  жаппақшы. Бұл  ұсынысты бірінші болып кім жасағанын біз білмейміз, бірақ бұл қазақ ұлтына дос, пейілі түзу адамның ұсынысы дей алмаймыз.

Е. Сағадиев мырзаның бұндай  ерсі қателігін  түзетуіңізді  сұраймыз. Қазақ халқының тарихы бар болғаны 25 жылдан ғана тұрмайды. қазақ  сан  ғасырлар  ұстанған  өз тілі  мен  діні, өз салт-дәстүрі, әдебиеті  мен  мәдениеті  қалыптасқан  бұған шейін де әр түрлі құрылымды мемлекеті болған ежелгі халық. Біз бір ұлттың ұрпағына түгелдей ағылшын, орыс тілін үйретіп, шұбартілді ұлт жасауға қарсымыз. Қай тілді үйрену ес жиып, етек жапқасын әркімнің өз қалауында болуы керек  сондықтан   жоғарыдағы шұбар тілді басшылар қанша жерден өркениетті болса да  біз  ешқашан  өз  тілімізден  айырылуға жол бермейміз!

                                                                                        Құрметпен,        

                                                                                              Қабдеш Жұмаділов

                                                                                                Ғаббас Қабышев

                                                                                                Уәлихан Қайсаров

                                                                                                 Марат Тоқашбаев

                                                                                                   Дулат Исабеков

                                                                                                 Мырзан Кенжебай

                                                                                             Мереке Құлкенов  

                                                                                             Қуандық Түменбай

                                                                                              Аманхан Әлім

                                                                                              Жаңабек Шағатай

                                                                                              Арасанбай Естенов

                                                                                              Балташ Тұрсынбаев

                                                                                              Жұмаш Кенебай

                                                                                            Жарас Сәрсек

                                                                                            Серік Нұғыман

                                                                                            Темірғали Көпбай

                                                                                            Жұмамұрат Шәмші

                                                                                            С.Қарақыстық т.б.





Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар