Руслан Желдібай Ақордада неге ауыс-түйіс көбейіп кеткенін түсіндірді

Көркем Алдабергенова 29 қыр. 2025 10:02

Президентінің көмекшісі – президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Ақордадағы кадрлық ауыс-түйістерді түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Руслан Желдібайдың сөзінше, кейінгі кадрлық өзгерістерге байланысты БАҚ өкілдерінен көптеген сауал түсе бастаған.

"Ең алдымен, мына мәселені баса айту керек, бұл – әдеттегі кадрлық ротация. Негізгі мақсат – мемлекеттік жүйедегі ең маңызды бағыттардың тиімділігін күшейту. Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында ұлттық экономикаға түсетін инвестиция көлемін арттыруды басым міндеттің бірі ретінде белгіледі", - дейді Руслан Желдібай. 

Бұл маңызды сала тәжірибелі дипломат Мұрат Нұртілеуге жүктелді.

"Президенттің көмекшісі ретінде ол халықаралық инвестициялық және сауда ынтымақтастығын ілгерілету мақсатында шет мемлекеттердің жоғары деңгейдегі өкілдерімен, сондай-ақ әлемдік ірі компаниялардың жетекшілерімен байланысты дамытады", - дейді президенттің көмекшісі.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Жаслан Мәдиев Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі болып тағайындалды. Ведомство басшысы Жолдауда айтылған Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру жөніндегі мақсатты іске асырумен шұғылданады. Президент министрге стратегиялық маңызы зор жұмысты атқаруға қатысты бағыт-бағдар берді.

Сонымен қатар Премьер-министрдің келісімі бойынша Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованы Оқу-ағарту министрі лауазымына тағайындау туралы шешім қабылданды. Жаңа министр қоғамдағы белсенді қызметімен және білім беру саласындағы мол тәжірибесімен белгілі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар