Рудныйдағы Ленин мен Комсомол алаңдарының атауын өзгерту ұсынылды

Рудныйдағы Ленин мен Комсомол алаңдарының атауын өзгерту ұсынылды
Фото: Асылбек Дәркембайұлының парақшасынан

Әлеуметтік желіде Қостанай облысындағы Рудный қаласының бірқатар көшесі мен алаңына берілген кеңестік атауларды өзгерту мәселесі көтерілді. Facebook белсендісі Асылбек Дәркембайұлы Қазақстан тәуелсіздік алғанына 30 жылдан асса да, қалада кеңестік кезеңнің идеологиялық атаулары әлі күнге дейін сақталып отырғанын сынға алды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Автордың айтуынша, Рудный қаласында Урицкий тұйық көшесі, Павел Корчагин және Лиза Чайкина көшелері, сондай-ақ Ленин мен Комсомол алаңдары бар.

"Тәуелсіз ел болғанымызға 30 жылдан асса да, Қостанай облысындағы Рудный қаласы әлі күнге дейін кеңестік идеологияның тұтқынында тұрғандай. Картаны ашып қарасаңыз, жағаңызды ұстайсыз", – делінген жазбада.

Жарияланымда Урицкий тұйық көшесіне қатысты да мәселе көтерілген. Автор Моисей Урицкийдің Петроград төтенше комиссиясын басқарғанын атап өтіп, оның есімінің Қазақстан қаласындағы көшеге берілуін орынсыз деп санайды.

Сондай-ақ Рудныйда жазушы Николай Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» романындағы ойдан шығарылған кейіпкер Павел Корчагиннің атымен көше аталғанына назар аударылған.

«Өмірде мүлде болмаған адам. Кеңестік насихатқа арналған романның ойдан шығарылған кейіпкері. Көше атын беруге өз тарихымызда тұлға таусылды ма?» – деп жазды автор.

Ол Лиза Чайкина көшесінің атауын да сынға алып, аталған тұлғаның Қазақстан немесе Рудный қаласының тарихына қандай қатысы бар екенін сұрады. Бұдан бөлек, қаланың негізгі екі алаңы әлі күнге дейін Ленин мен Комсомолдың атымен аталатынын жеткізді.

Жазба авторы Рудныйдағы Марите Бежите көшесінің тарихына жеке тоқталған. Оның мәліметінше, 1959 жылы литвалық бойжеткен екі қазақ қызын жүк көлігінің астынан құтқарып, өзі қаза тапқан. Автор бұл оқиғаны идеологиямен емес, адам өмірін сақтап қалған шынайы ерлікпен байланыстырады.

"Қалған идеологиялық сарқыншақтардан қашан арыламыз? Өз тарихымыздағы тұлғалардың немесе бейтарап, әдемі атауларды қоятын уақыт әлдеқашан келді", – деп қорытындылады ол.

Қазіргі уақытта Рудный қаласының әкімдігі бұл ұсынысқа қатысты ресми пікір білдірген жоқ.